Әйелдер мен балалардың құқықтары мемлекет қорғауында

Әйелдер мен балалардың  құқықтары мемлекет қорғауында

Әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету аясында соңғы өзгерістерге сәйкес ұрып-соғу әрекеттері (ҚР ҚК-нің 109-1-бабы) ағымдағы жылғы 16 маусымнан бастап,  қылмыстық құқық бұзушылық ретінде бағаланады.

Облысымызда аталған санатта 32 қылмыстық іс сотқа жолданған, олардың ішінде сотталушылардың 15-і бірге тұрып жатқан әйелдеріне, 8-і таныстарына және 9-ы өзге адамдарға қатысты жасалған қылмыстық құқық бұзушылықтар.

Мысалы, Ақтау қалалық сотымен сотталушы «М» Ақтау қаласы 14-шағынаудандағы теңіз жағалауында бола тұра, болмашы ұрыс-керісті себеп қылып, өзінің жолдасын бірнеше рет ұрып-соғып, тән ауруына ұшыратқаны үшін оған 40  сағатқа қоғамдық жұмысқа тарту жазасы тағайындалды.

Сотталған азаматтың әрекеттері ҚР ҚК-нің 109-1-бабы1-бөлігімен сараланған.

Санкциясында айыппұл салу, түзеу жұмыстары, қоғамдық жұмыстарға тарту, не отыз тәуліктен елу тәулікке дейінгі мерзімге қамаққа алу түріндегі жазалар көзделген.

Қазіргі таңда, өңірлік полиция органдарының өндірісінде аталған санатта 95 қылмыстық іс тергелуде.

Мемлекетіміздің құқықтық саясатына сәйкес адам құқықтарын қорғау және отбасылық зорлық-зомбылыққа қарсы бағытталған жұмыстар прокуратура органдарының ерекше бақылауына алынған.

 

 

Маңғыстау облысының прокуратурасы