Алиментті қасақана төлемеген тұлғалар жауаптылыққа тартылды

Алиментті қасақана төлемеген тұлғалар жауаптылыққа тартылды

Ағымдағы жылдың басынан бері Ақтау қаласының прокуратурасымен алимент берешегін төлемеген 10 борышкерге қатысты ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің  669-бабының 1-бөлігімен әкімшілік істер қозғалған.

Соттың қаулыларымен 6 борышкер 3 тәулік мерзімге қамауға алу түріндегі әкімшілік жауаптылыққа тартылып, қалған борышкерлерге 5 АЕК мөлшерінде айыппұл жазасы тағайындалды.

Сонымен қатар кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының үкімі бойынша Қылмыстық кодексінің 139-бабының 1-бөлігімен 3 борышкер қылмыстық жауаптылыққа тартылды.

Мысалға, азамат «A» кәмелетке толмаған екі баланы асырау үшін алимент төлеу туралы сот бұйрығын үш жыл бойы орындамаған.

Осыған байланысты кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының үкімімен «A» азаматы Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 139-бабының 1-бөлігімен кінәлі деп танылып, 1 жылға бас бостандығын шектеу түріндегі жаза тағайындалған.

Ақтау қаласының прокуратурасы борышкерлерге алимент төлемегені үшін Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 139-бабы бойынша екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеу немесе сол мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жазасы қарастырылғанын ескертеді.

 

Маңғыстау облысының прокуратурасы