Шағын футболдан турнир өткізілді

Шағын футболдан турнир өткізілді

Маңғыстау облысының прокуратурасымен Қазақ КСР-нің прокуроры Өтеген Сейітовтің туғанына 100 жыл толуына орай және Маңғыстау облысы прокуратурасының құрылғанына 50 жыл толуына арналған құқық қорғау, сот және мемлекеттік органдары арасында шағын футболдан турнир ұйымдастырылды.

Өтеген Сейітов - белгілі мемлекеттік және қоғамдық қайраткер, жеңіске дейін майдан жолдарымен өткен Ұлы Отан соғысының ардагері, 1- сыныпты мемлекеттік әділет кеңесшісі, Қазақстанның еңбек сіңірген заңгері және прокуратура органдарының құрметті қызметкері.

Аты аңызға айналған прокурор Өтеген Сейітов прокуратура органдары қызметінің дамуына, кадр құрамын жетілдіруге, елімізде құқық пен тәртіпті нығайтуға баға жетпес үлесін қосқан.

Турнирдің ашылу салтанатында облыс прокурорының бірінші орынбасары Марат Тойжан «Өтеген Сейітұлының өмірі – барлық прокурорларға үлгі тұтатындай, бұл шара оның рухына тағзым мен құрмет көрсету екенін атап өтіп, қатысушы командалар ойыншыларын жарыстың басталуымен құттықтап, командалардың ең мықтысы жеңіске жетуін тіледі.

Жарысқа 12 команда қатысып, оның ішінде бірінші күні іріктеу ойындарында 8 команда финалдық кезеңге өтті.

Турнир қорытындысы бойынша 1 орынды - Маңғыстау облысының Төтенше жағдайлар департаментінің командасы , 2 орынды - Мемлекеттік қызмет істері Агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша департаментінің командасы және 3 орынды - Маңғыстау облыстық сотының командасы иеленді.

Жеңімпаздар мен жүлдегерлер кубокпен және мақтау қағаздарымен марапатталды.

        

Маңғыстау облысының прокуратурасы