Ақтауда полиция қызметкерлері көлік құралын алкогольдік масаң күйде басқарған әйелге қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырған.
Аталған құқық бұзушылық үшін Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекспен 15 тәулікке әкімшілік қамаққа алуға және 7 жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айыру жазасы қарастырылған.
Істі қарау барысында құқық бұзушы сотқа жүктілік туралы дәрігердің анықтамасын ұсынған.
Осыған байланысты сот оны әкімшілік қамақтан босатып, 7 жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айыру түріндегі қосымша жазаны ғана тағайындаған.
Ақтау қаласының прокуратурасы тексеру барысында құқық бұзушымен ұсынылған жүктілік туралы анықтаманың жалған екендігін анықтаған.
Прокурордың өтінішхаты бойынша Маңғыстау облыстық сотымен бірінші сатыдағы соттың қаулысы өзгертіліп, құқық бұзушыға 15 тәулікке қамаққа алу жазасы тағайындалды.
Медициналық құжатты қолдан жасау және оны пайдалану фактілері бойынша медицина қызметкері мен құқық бұзушыға қатысты Қылмыстық кодекстің 385-бабымен қылмыстық іс қозғалды.
Прокуратура көлік құралын масаң күйде басқарғаны үшін жауаптылық туралы ескертеді және азаматтарды заң талаптарын сақтауға шақырады.
Маңғыстау облысының прокуратурасы