Маңғыстау облысында «Құқықтық дәріхана» акциясы өткізілді

Маңғыстау облысында «Құқықтық дәріхана»  акциясы өткізілді

Маңғыстау облысының прокуратурасы «Құқықтық дәріхана» акциясын өткізіп, оның аясында өңір тұрғындары өздерін қызықтырған құқықтық мәселелер бойынша кеңес алды.

Акцияның негізгі мақсаты – халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру және білікті заң көмегінің қолжетімділігін қамтамасыз ету.

Іс-шара облыстың екі қаласы мен бес ауданында ұйымдастырылды.

Оған прокурорлар, құқық қорғау және әділет органдарының қызметкерлері, нотариустар, жеке сот орындаушылары, медиаторлар, сондай-ақ мемлекеттік органдардың басшылары қатысты.

Акция барысында Маңғыстау облысының 2 мыңнан астам тұрғыны заң көмегіне жүгінді. Азаматтарға қылмыстық, азаматтық, тұрғын үй, жер, отбасы, еңбек және өзге де құқық салалары бойынша консультациялар берілді. Мамандар азаматтардың құқықтарын қорғау тәртібін түсіндіріп, қойылған сұрақтарға жауап берді.

Мұндай формат азаматтарға түрлі мемлекеттік органдар мен заң қоғамдастығы өкілдерінен бір жерде кеңес алып, құқықтық мәселелерін шешу жолдары бойынша жан-жақты түсіндірме алуға мүмкіндік береді.

Прокуратура халықтың құқықтық мәдениетін арттыруға және мемлекеттік институттарға деген сенімді нығайтуға бағытталған осындай іс-шараларды алдағы уақытта да жалғастырады.

                                    

        Маңғыстау облысының прокуратурасы