Маңғыстау облысы прокуратурасында бірінші жартыжылдық жұмыстарының қорытындылары шығарылды

Маңғыстау облысы прокуратурасында бірінші жартыжылдық жұмыстарының қорытындылары шығарылды

Маңғыстау облысының прокуроры Серікқали Күшәлиевтің төрағалығымен алқа мәжілісі өткізіліп, ағымдағы жылдың бірінші жартыжылдығындағы прокуратура органдарының қадағалау қызметінің қорытындылары шығарылды.

Алқа жұмысына облыс прокурорының орынбасарлары, облыстық аппарат қызметкерлері, сондай-ақ қала және аудан прокурорлары қатысты.

Мәжілісті аша отырып, облыс прокуроры есепті кезеңде прокуратура органдарының қызметі заң үстемдігін қамтамасыз етуге, азаматтардың конституциялық құқықтарын қорғауға, инвестициялық жобаларды сүйемелдеуге, сондай-ақ қылмыстың алдын алу мен оған қарсы іс-қимылға бағытталғанын атап өтті.

Бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша прокурорлар 13 мыңнан астам азаматтың конституциялық құқықтарын қорғады.

Мемлекет кірісіне 1,3 млрд теңге өндірілді, 1,2 млрд теңге көлеміндегі мүлік мемлекетке қайтарылды, сондай-ақ 30,1 млрд теңге көлеміндегі бюджет қаражатының негізсіз жұмсалуына жол берілмеді.

Мемлекеттік сатып алу саласында жалпы сомасы 7,6 млрд теңгені құрайтын 10 заңсыз сатып алу рәсімінің күші жойылды.

Қадағалау шараларының нәтижесінде мемлекетке жалпы ауданы 3,6 мың гектарды құрайтын 57 жер учаскесі қайтарылды.

Инвесторлардың құқықтарын қорғауға ерекше назар аударылды. Прокурорлық сүйемелдеу шараларының арқасында жалпы құны 328 млрд теңгеден асатын 32 инвестициялық жобаны іске асырылуына қолдау көрсетілді.

Прокуратураның үйлестіруімен 1 млрд теңгеден астам алимент бойынша берешек өндірілді.

Бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша өңірдегі криминогендік ахуалдың жақсарғаны байқалады. Қылмыстық құқық бұзушылықтар саны 6,9%-ға, ал қылмыстар саны 8,5%-ға төмендеді.

Есірткі қылмыстарына қарсы іс-қимыл аясында 700 есірткі жарнамасы жойылып, «Киберқадағалау» ақпараттық жүйесі арқылы 1719 интернет-сілтеме бұғатталды, құрамында есірткі жарнамасы бар 600 граффити-жазу өшірілді.

«Антифрод» жүйесінде 487 деректер анықталып, 5,1 млн теңге сомасындағы күмәнді қаржылық операциялардың жолы кесілді.

«Заңға бағынатын ұрпақ», «Саналы ұрпақ», «Адал ата-ана», «Зорлық-зомбылықсыз үй» жобалары аясында білім беру ұйымдарында жастардың құқықтық мәдениетін қалыптастыруға, суицидтің, буллингтің және тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алуға бағытталған іс-шаралар өткізілді.

Жүргізілген кешенді профилактикалық жұмыстың нәтижесінде соңғы екі айда облыс аумағында кәмелетке толмағандар жасаған бірде-бір қылмыс тіркелген жоқ.

Есепті кезеңде прокуратура органдары 2 мыңнан астам азаматты қабылдады.

Алқа барысында облыс прокурорының орынбасарлары атқарылған жұмыстардың нәтижелері мен алдағы кезеңге қойылған міндеттер туралы баяндап, кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау, қылмыстың алдын алу және әлеуметтік-экономикалық саладағы тексерулердің алдын ала қорытындылары бойынша ақпарат берді.

Отырыс соңында облыс прокуроры Мемлекет басшысының тапсырмаларын сапалы әрі уақтылы орындауды, қадағалау қызметінің тиімділігін арттыруды, азаматтардың құқықтарын қорғау мен заңдылықтың сақталуын қамтамасыз ету бағытындағы жұмысты күшейтуді тапсырды.

 

Маңғыстау облысының прокуратурасы