Маңғыстау облысы прокуратурасының актісі бойынша пробация бақылауында тұрған және бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған адамдар үшін жұмыс орындары квотасын белгілеу кезінде жіберілген бұзушылықтар жойылды.
Нормативтік құқықтық актілерге жүргізілген мониторинг барысында облыс әкімдігінің қаулысымен (25.12.2025 ж. №280) бекітілген жұмыс орындарын квоталауға жататын жұмыс берушілер тізбесіне күзет қызметін жүзеге асыратын ұйымның енгізілгені анықталды.
Алайда заңнамада азаматтардың жекелеген санаттары үшін белгілі бір қызмет түрлерімен, оның ішінде күзет саласында жұмыс істеуге шектеулер көзделген.
Осыған байланысты мұндай ұйымдарды жұмыс берушілер тізбесіне енгізу жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларының тиімді іске асырылуын қамтамасыз етпей, жұмысқа орналасуға қатысты негізсіз үміт қалыптастырды.
Анықталған бұзушылықтарды жою мақсатында облыс прокуратурасы әкімдіктің қаулысына наразылық енгізді.
Наразылықты қарау нәтижесінде прокуратура актісі толық көлемде қанағаттандырылып, әкімдік қаулысына тиісті өзгерістер енгізілді және нормативтік құқықтық акт заңнама талаптарына сәйкестендірілді.
Маңғыстау облысының прокуратурасы