Иранның Бас консулымен кездесуде құқықтық ынтымақтастық мәселелері талқыланды

Иранның Бас консулымен кездесуде құқықтық ынтымақтастық мәселелері талқыланды

Бүгін Маңғыстау облысының прокуроры Серікқали Күшәлиев Ақтау қаласындағы Иран Ислам Республикасының Бас консулы Джафар Заманимен кездесті.

Кездесу барысында дипломатиялық миссияға Маңғыстау облысы прокуратурасының органдары қызметінің басым бағыттары туралы ақпарат берілді.

Сондай-ақ іздеуде жүрген адамдарды экстрадициялау және қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек көрсету мәселелерін қоса алғанда, қылмыстық-құқықтық саладағы екіжақты ынтымақтастықтың бірқатар мәселелері талқыланды.

Облыс прокуроры туындайтын мәселелерді жедел шешу және азаматтардың құқықтарын қорғауды қамтамасыз ету мақсатында дипломатиялық өкілдікпен сындарлы өзара іс-қимылдың маңыздылығын атап өтті.

Иранның Бас консулы өз азаматтарының құқықтарын қорғау бағытында консулдық тарапынан жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы айтып, ынтымақтастықты одан әрі дамытуға мүдделі екенін білдірді.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар алдағы уақытта өзара іс-қимылды жалғастыруға және тұрақты жұмыс байланыстарын қолдауға дайын екендіктерін растады.

 

       Маңғыстау облысының прокуратурасы