Маңғыстау облысында жол қауіпсіздігі саласындағы заңдылықтың жай-күйі қаралды

Маңғыстау облысында жол қауіпсіздігі саласындағы заңдылықтың жай-күйі қаралды

Маңғыстау облысының прокуратурасында жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласындағы заңдылық мәселелеріне арналған Үйлестіру кеңесінің отырысы өтті.

Іс-шараға құқық қорғау органдарының, жергілікті атқарушы органдардың және уәкілетті қызметтердің басшылары қатысты.

Отырысты ашқан облыс прокуроры Серікқали Күшәлиев өңір жолдарындағы ахуал өзекті мәселелердің бірі болып қала беретінін атап өтті.

«Жолдағы қауіпсіздік — тек полицияның немесе мемлекеттің ғана жұмысы емес. Бұл әрбір жүргізушінің, әрбір жол қозғалысына қатысушының жауапкершілік деңгейі. Басты міндет — адам өмірін сақтау және қоғамда заңды өрескел бұзушылықтарға мүлдем төзбеушілік қағидатын қалыптастыру», — деді облыс прокуроры.

Ағымдағы жылдың 3 айында өңірде 297 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Бұл көрсеткіш бойынша облыс республикада 8-орында тұр.

Сонымен қатар өңірдегі автомобиль жолдарының жағдайы жалпы нормативтік талаптарға сәйкес келетіні, ал жол-көлік оқиғаларының негізгі себептері жүргізушілер тарапынан жол ережелерін бұзу екені атап өтілді.

Осыған байланысты прокуратура органдарымен 2025 жылы облыстағы автомектептердің қызметіне тексеру жүргізілді.

Нәтижесінде оқу курстарын аяқтағаны туралы куәліктерді заңсыз берудің 1 мыңнан астам фактісі және жүргізушілерді даярлау қағидаларын бұзудың 100-ден астам дерегі анықталды.

Атап айтқанда, міндетті медициналық қарап-тексерусіз оқытуға жіберу, қорытынды аттестаттау мен емтихандардың болмауы, оқу жоспарларының бекітілмеуі, сондай-ақ қажетті жабдықтарсыз оқу көліктерін пайдалану фактілері анықталған. Кейбір автомектептерде көлік құралдары мүлдем тіркелмегені белгілі болды, бұл практикалық сабақтарды өткізу мүмкіндігін жоққа шығарған.

Тексеру қорытындысымен кінәлі тұлғалар әкімшілік жауаптылыққа тартылып, екі автомектептің қызметі тоқтатылды.

Өңірде жол-көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында заманауи бақылау және құқық бұзушылықтарды тіркеу жүйелері енгізілуде. Автожолдарда 63 мыңнан астам бейнебақылау камерасы орнатылған, олардың жартысынан астамы жедел басқару орталықтарына қосылған.

Жыл басынан бері «Кибер-шериф» және «Ekin Patrol G2» дрондарының көмегімен 11 мыңнан астам әкімшілік құқық бұзушылық анықталып, салынған айыппұлдардың жалпы сомасы 2 млрд. теңгеден асты.

Сондай-ақ, «Ekin patrol» жаңа бақылау жүйелері мен «Доссор – Құлсары – Боранқұл – Бейнеу – Сай-Өтес» республикалық маңызы бар автожолындағы стационарлық бақылау кешендері арқылы трассалардағы жол-көлік оқиғаларының алдын алу шараларына ерекше назар аударылуда.

Үйлестіру кеңесінің қорытындысы бойынша апаттылықты одан әрі төмендетуге, жүргізушілерді даярлау сапасын арттыруға және халықтың құқықтық мәдениетін көтеруге бағытталған бірқатар шаралар әзірленді. Сонымен қатар автомектептердің қызметін рейтингтік бағалау жүйесін енгізу және жолдардағы қауіпсіздік шараларын күшейту ұсынылды.

 

Маңғыстау облысының прокуратурасы