Дропперлікке қатысты ашық сот процесі: студенттер қылмыстың салдарымен танысты

Дропперлікке қатысты ашық сот процесі: студенттер қылмыстың салдарымен танысты

Ақтау қаласы прокуратурасының бастамасымен қалалық сотта банктік деректемелерді үшінші тұлғаларға сыйақы үшін заңсыз беру дерегі бойынша қылмыстық іс аясында ашық сот отырысы өтті (Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 232-1-бабы 1-бөлігі).

Сот отырысына Ш.Есенов атындағы Каспий технологиялар және инжиниринг университетінің 4-курс студенттері қатысып, сот тәжірибесімен танысып, құқыққа қайшы әрекеттердің нақты салдарын өз көздерімен көрді.

Аталған іс-шараның мақсаты – жастардың құқықтық санасын арттыру және құқық бұзушылықтардың алдын алу.

Сот анықтағандай, азамат А.Б. материалдық пайда табу мақсатында өзінің «Home Credit Bank» АҚ-дағы банктік шотының деректемелерін үшінші тұлғаларға заңсыз берген.

Соның салдарынан жәбірленушіге 2 миллион теңге көлемінде залал келтірілген, ал сотталған тұлға бар болғаны 30 мың теңге алған.

Сот үкімімен оған 40 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынды.

Ақтау қаласының прокуратурасы 2025 жылғы 16 қыркүйектен бастап банктік шоттар мен деректемелерді қылмыстық мақсатта үшінші тұлғаларға беру үшін қылмыстық жауаптылықтың көзделгенін ескертеді.

Банктік карталар мен жеке мәліметтерді үшінші тұлғаларға беру заңдық салдарға алып келеді.

Ойланбай жасалған бір әрекет ауыр зардаптарға әкелуі мүмкін.

 

Маңғыстау облысының прокуратурасы