
«Заң мен Тәртіп» қағидатын іске асыру мақсатында Маңғыстау облысында «Халық заңгері» атты кең ауқымды акция өткізіліп, азаматтарға өздерін толғандыратын барлық құқықтық мәселелері бойынша тегін заң көмегі көрсетілді.
Акцияның мақсаты – халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру және барлық санаттағы азаматтарға білікті заң көмегінің қолжетімділігін қамтамасыз ету.
Іс-шара облыстың екі қаласы мен бес ауданында өткізілді және тұрғындардың кең аудиториясы қамтылды.
Акцияның ресми ашылу рәсіміне облыс прокуроры Серікқали Күшәлиев қатысып, қоғам үшін мұндай бастамалардың маңыздылығын атап өтті.
«Халық заңгері» акциясы – әрбір азамат құқықтық сұрақтары бойынша білікті көмек алып, мамандармен тікелей тілдесіп, мемлекет өз азаматтарының мүддесін қорғайтынына көз жеткізуге мүмкіндік беретін нақты шара», – деді ол.
Акцияға прокурорлар, құқық қорғау және әділет органдарының қызметкерлері, нотариустар, сот орындаушылар, адвокаттар мен медиаторлар, сондай-ақ мемлекеттік органдардың басшылары қатысты.
Мұндай формат өңір тұрғындарына құқықтың бірнеше бағыты бойынша бір мезетте кеңес алып, өздерін қызықтырған сұрақтар бойынша жан-жақты түсіндірмелер алуына мүмкіндік берді.
Маңғыстау облысының қалалары мен аудандарында шамамен 500 адам қабылданды, олардың әрқайсысына қылмыстық, азаматтық, тұрғын үй, жер, отбасылық, еңбек және өзге де құқық салалары бойынша білікті заң көмегі көрсетілді.
Осындай іс-шараларды өткізу халық пен мемлекеттік институттар арасындағы сенімді нығайтуға, құқықтық мәдениетті қалыптастыруға және қоғам мен билік арасындағы диалогты дамытуға ықпал етеді.
Маңғыстау облысының прокуратурасы