Қазақстан Республикасы Конституциясының 24-бабында әркімнің қауіпсіздік пен тазалық талаптарына сай еңбек ету жағдайына құқығы бекітілген.
Негізгі Заңның жоғарыда аталған талаптарын елемеу кейде жұмысшылардың өліміне және өндірістік жарақаттарға әкеледі.
Ағымдағы жылдың маусым айында күшіне енген Түпқараған аудандық сотының үкімі бойынша абайсызда адам өліміне әкеп соққан еңбекті қорғау қағидаларын бұзғаны үшін мекеменің бригада шебері ҚР ҚК-нің 156-бабының 3-бөлігімен сотталып 1 жылға бас бостандығынан айырылған.
Сотталған еңбекті қорғау ережелерінің сақталуын ұйымдастыруға жауапты тұлға бола отырып, ұңғыманы жөндеу жұмыстары кезінде арнайы техниканың дөңгелегі астында қалған бригада қызметкеріне қауіпсіз жағдай жасамаған.
Еңбек инспекциясы жұмыс берушінің 100 пайыз кінәсін анықтады.
Облыста соңғы үш жылда осыған ұқсас қылмыстар бойынша 6 адам сотталды.
Маңғыстау облысының прокуратурасы жауапкершілік туралы ескерте отырып, өңірді дамытуға ат салысып жатқан кәсіпорындар мен компаниялардың басшылығын еңбекті қорғау қағидаларын қатаң сақтауға бағытталған барлық қажетті шараларды қабылдауға шақырады.
Азаматтарымыздың өмірі мен денсаулығы – мемлекеттің ең жоғары құндылығы.
Маңғыстау облысының прокуратурасы