«Көлік құралдарын алкогольдік масаң күйде жүргізгендер үшін жаза қатаңдады»

«Көлік құралдарын алкогольдік масаң күйде жүргізгендер үшін жаза қатаңдады»

2019 жылғы 27 желтоқсанда «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қылмыстық, қылмыстық-процестік заңнаманы жетілдіру және жеке адам құқықтарының қорғалуын күшейту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң қабылданды.

Осыған байланысты Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің (бұдан әрі – ҚР ҚК) 346-бабының санкциясы қатаңдады.

Енді көлік құралдарын басқару құқығынан айырылған және алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйде көлік құралын басқарып не көлік құралын басқаруды осындай адамға беріп, сол сияқты осындай адамның көлік құралын басқаруына лауазымды адамның немесе көлік құралы меншік иесінің не иеленушісінің жол беріп, абайсызда екi немесе одан көп адам өлiмiне алып келген іс-әрекеттер үшін кінәлі адам өмір бойына көлік құралдарын басқару құқығынан және 10 (он) жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Сонымен қатар, осы баптың екінші бөлігі онша ауыр емес қылмыс санатынан ауыр қылмыс санатына өзгертілді. Яғни, абайсызда көлік құралдарын, жүктерді, жол құрылысжайларын және өзге де құрылысжайларды немесе өзге мүлікті бүлдіруге, сол сияқты адамның денсаулығына жеңіл зиян келтiруге алып келген әрекеттер ауыр қылмыс болып табылатындығын ескерген жөн.

Статистикалық мәліметтерге сәйкес Қарақия аудандық сотымен ҚР ҚК-нің 346-бабымен 2018 жылы – 24, 2019 жылы – 28, 2020 жылдың 8 айында – 4 қылмыстық іс қаралып, олар бойынша айыптау үкімдері шықты.

Атап айтқанда, көлік құралдарын басқару құқығынан айырылған ауданымыздың тұрғыны автокөлікті алкогольдік масаң күйде басқарғаны үшін сот үкімімен кінәлі деп танылып, көлік құралдарын басқару құқығынан өмір бойына айыра отырып, 2 (екі) жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

 

 

Маңғыстау облысы

Қарақия ауданының прокуратурасы