Қызылорда облысында нашақорлыққа қарсы бір айлық акция өтті

Қызылорда облысында нашақорлыққа қарсы бір айлық акция өтті

Қызылорда облысында жыл басынан бері есірткінің заңсыз айналымына қатысты 345 қылмыстық іс тіркеліп, өткен жылмен салыстырғанда 23% өсім байқалды.

Сонымен қатар, үстіміздегі жылы есірткі өсімдіктерін анықтау мақсатында жүргізілген рейд барысында 54 есірткі плантациясы анықталып, олардың көзі жойылды.

Заңсыз айналымнан 1,4 тонна есірткі заттары алынып, 11 ірі есірткі алқабы жойылды.

 Есірткінің заңсыз айналымының алдын алуға қатысты облыс әкімінің және Бас Прокуратураның Стратегиялық даму департаменті бастығының қатысуымен Үйлестіру кеңесінің кеңейтілген отырысы өткізіліп, «Нашақорлыққа қарсы» бір айлық акция жарияланды.

 Қала, аудан прокурорларының және қылмыстық қудалау органдарының қатысуымен есірткімен күреске қатысты 2-і ведомствоаралық жиналыс өткізілді.

Қызылорда облысы прокуратурасының үйлестіруімен 2 трансұлттық ұйымдасқан топ және ұйымдасқан қылмыстық топ құрықталды, 2 халықаралық және 7 аймақаралық есірткі тасымалдау арналары анықталып, жолы кесілді.

Әлеуметтік желілерде 304 синтетикалық есірткі арнасына тосқауыл қойылып, «Кибернадзор» ақпараттық жүйесі арқылы оларды сатуды жарнамалайтын сайттар бұғатталды.

 Аймақта акция аясында тақырыпқа байланысты 14 дөңгелек үстел, 800-ден астам бейнеролик пен фотоақпарат, 37 билборд орнатылды. Тұрғындарға мыңға жуық брошюралар таратылып, есірткіге қарсы үгіт-насихат жұмыстары жүргізілді.

Құқық қорғау органдары, жергілікті билік пен еріктілердің бірлесуімен жалпы 56 граффити жойылып, есірткі жарнамалары бойынша 18 қылмыстық іс тіркелді.

Іс-шараға әкімдіктердің жанындағы коммуналдық мекемелердің 50-ден астам қызметкерлері тартылды.

Елімізге танымал өнер саласының қайраткерлерімен 31 бейнежазба арқылы үндеулер жарияланды.

 Облыстағы жастар мен орта буын азаматтарын қоса алғанда жалпы 500 мыңнан аса тұрғынға есірткінің зардабы мен жауаптылығы туралы аса қажетті түсіндірмелі мәліметтер жеткізілді.

Негізгі шаралар жастар арасында нашақорлыққа қарсы иммунитет қалыптастыруға бағытталды.   

 

#Заң_мен_Тәртіп

#ҚұқықтықМәдениет