Қызылорда облысы прокуратурасында Тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасына қатысты Үйлестіру кеңесінің отырысы өтті

Қызылорда облысы прокуратурасында  Тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасына қатысты Үйлестіру кеңесінің отырысы өтті

Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес неке және отбасы, ана, әке, бала мемлекеттің қорғауында болады.

Осы ретте облыстық заңдылықты, құқықтық тәртіпті және қылмысқа қарсы күресті қамтамасыз ету жөніндегі Үйлестіру кеңесінде тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын-алу мәселелері талқыланды.

Мәселенің өзектілігін ескеріп, прокуратура органдары тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасының тиімділігіне талдау жүргізді.

Нәтижесімен бірқатар бұзушылықтар анықталды.

Өңірімізде тұрмыстық зорлық-зомбылық санатындағы бұзушылықтар өсім алуда.

2023 жылы тұрмыстық зорлық-зомбылық санатында 3008 әкімшілік құқық бұзушылық тіркеліп, өткен жылмен салыстырғанда 1 784-ке немесе 59,3 % өскен (оның ішінде қайталап жасағандар 173-тен 462-ге немесе 2,5 есеге өсім алған).

2023ж. сотта 2 928 іс қаралып, оның 1 446-і әкімшілік жазаға тартылған.

Бұдан бөлек полиция органдары 2023ж. 1 787 құқық бұзушыға қатысты 2 249 қорғау нұсқамасы толтырылған.

2023ж. қорғау нұсқамасын бұзған 126 (154) адам жауаптылыққа тартылған (67 ескерту, 59 əкімшілік қамау).

Тұрмыстық зорлық-зомбылық құқық бұзушылықтарды алдын алуға бағытталған шаралар уәкілетті органдармен тиімді қолданылмайды.

Талдаумен полиция ауыр зардаптар келтірген зорлық-зомбылықты бұлтартпау  бойынша уақытылы шаралар қабылдамау фактілері анықталған.

Қорғау нұсқамасы тұрмыстық зорлық-зомбылықтың жеке профилактикасы шараларының бірі екендігі айқындалған.

Полиция қорғау нұсқамасын бұзған 17 құқық бұзушыларға қатысты ӘҚБтК-ның 461-бабымен әкімшілік шара көрмеу фактілері орын алған.

Бұдан басқа, 51 әкімшілік құқық бұзушылардың жауапкершіліктен босатылуына жол берілген.

Мысалы, құқық бұзушы Т. отбасында жанжал шығарып, қорғау нұсқамасын бұзғаны үшін ӘҚБтК-тың 461-бабымен әкімшілік жауаптылыққа тартылғанымен оның тұрмыстық зорлық-зомбылық санатындағы бұзушылықты жасағаны назардан тыс қалған.

Осылайша ӘҚБтК-ның 73-бабымен әкімшілік шара көрілмей, жауаптылықтан босатылуына жол берілген.   

Жалпы, отбасы тұрмыстық қатынастарда қайталанып бірнеше рет ұдайы әкімшілік құқық бұзушылық жасайтын 437 тұлға анықталды.

Сондай-ақ құқық бұзушылықтардың барлығы мас күйінде жасалса, оны учаскелік полиция инспекторы және нарколог дәрігерлерінің алкоголизмнен емдеуге шаралар қабылдамаған.

Жалпы құқық бұзушылықтарды мас күйде жасағандардың 190-ы мәжбүрлеп емдеуге жатқызылса, 147 адам мәжбүрлеп емдеуге жіберілмеген.

Ал, мәжбүрлі түрде емге жіберілген адамдар қайта ішімдікке салынып, құқық бұзушылық жасау фактілері де орын алған.

Мысалы, емдеу мекемесінде соңғы екі жылда 15 адам екі реттен қайталап жатып ем қабылдаған.

Одан бөлек, қиын жағдайға душар болған азаматтармен оңалту жұмыстары тек қоғамдық ұйымдармен жүргізілген.

Мемлекет басшысы, отбасы – бұл қоғамның тұрақты дамуының негізі деген болатын.

Қоғам тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы шұғыл және қатаң шараларды қолдануды талап етуде.

Осы орайда қоғамдық проблеманы шешу жолдарын кеңінен қарап, агрессорлардан қиын жағдайға душар болған құрбандарды оңалту бағытында арнайы мамандандырылған мемлекеттік кризистік орталығын ашу ұсынылды.

Үйлестіру кеңес қорытындысы бойынша құқық қорғау және уәкілетті органдарға нақты шаралар қабылдау жөнінде тапсырмалар берілді.

Қызылорда облысының прокуратурасы