Ардагерге алғыс жарияланды

Ардагерге алғыс жарияланды
    Жеңіс күнінің 75 жылдығына орай Қызылорда облысының 94 жастағы тұрғыны, прокуратура органдарының ардагері Алданазаров Қалкөзге ҚР Бас Прокурорының бұйрығымен Алғыс жарияланды.
   Бас Прокурордың құттықтауын облыстық прокуратура ардагерлері қоғамдық ұйымының төрағасы және облыстық прокуратураның басшылық құрамы табыстады.
    Қалкөз ақсақалдың үйіне арнайы құттықтап барған прокуратура ардагерлері мен қызметкерлері қарияға ұзақ ғұмыр, ұрпақтарына амандық, деніне саулық тілеп, сый-сияпаттарын жасады.
      Алданазаров Қалкөз 1926 жылы 1 қаңтарда Жалағаш ауданының қазіргі Аққұм ауылында дүниеге келген.
1944 жылы Тереңөзек аудандық әскери комиссариатынан Қызыл Әскер қатарына шақыртылып, Орынбордағы 13-ші атқыштар дивизиясының жауынгері болып, арнайы әскери дайындықтан өтіп, тұтқындарды қарауылдау қызметін атқарған.
Алты жыл әскери міндетін өтегеннен кейін 1950 жылы елге оралып, қалалық және облыстық комсомол ұйымында бірқатар қызметтер атқарып, 1963 жылы қаңтар айында прокуратура жүйесіне жұмысқа алынып, 1977 жылдың сәуір айына дейін Тереңөзек ауданының прокуроры лауазымында болған.
Одан әрі, 1986 жылдың қыркүйек айына дейін Жаңақорған ауданының прокуроры, 1990 жылға дейін облыстық прокуратураның жалпы бақылау бөлімінде прокурорлық қызметтер атқарып, зейнетке шыққан.
Қазіргі күні немере, шөберелерінің қылығын қызықтаған, зейнет демалысындағы бақытты қария.