Сырдария ауданы халқымен кездесу өтті

Сырдария ауданы халқымен кездесу өтті

Қызылорда облысының әкімі Н.Нәлібаев құқық қорғау органдарының бірінші басшыларымен бірге бүгін Сырдария ауданы халқымен кездесіп, азматтарды жеке қабылдау жұмыстарын өткізді.

Бүгінгі шарада Қызылорда облысының прокуроры Н.Бижанов Сырдария ауданының 10-ға жуық азаматын жеке қабылдап, мазалап жүрген сұрақтарын тыңдады.

Жеке қабылдау барысында бірқатар азамат мал ұрлығы  бойынша қозғалған қылмыстық іс аясында заңды шешім қабылдауды сұраған. Қазақта «Мал ашуы, жан ашуы» деген сөз бар. Сондықтан қорадағы малынан айырылған тұрғындар, күнкөріс көзінен айырған қаскөйлерді тауып және олардың тиісті жазасын алуын сұрайды. Аталған мәселе облыс прокурорымен назарға алынып, іс бойынша түпкілікті шешім қабылдауға тиісті тапсырмасы берілді.

Сонымен қатар аудан тұрғындары жер мәселесі бойынша пай үлестеріне қатысты сұрақтарын қойып, оларға заң талаптары түсіндірілді. Өз тарапынан аудан тұрғындары осындай кездесулердің жиі ұйымдастырылуын сұрап, өз алғыстарын білдірді.