Ардагерге құрмет - ұрпаққа міндет!

Ардагерге құрмет - ұрпаққа міндет!

«Қазақстан Республикасы Прокуратура органдары ардагерлерінің қоғамдық бірлестіктерінің республикалық одағы» заңды тұлғалардың бірлестігінің төрағасы Әділхан Әсет Малғаждарұлы Қызылорда облысында болып,прокуратура қызметкерлерімен және жергілікті ардагерлермен кездесті.

Ардагерлерге құрмет көрсету, олардың ерекше еңбектерін үлгі етіп, насихаттау және қоғамдық шараларға белсенді түрде қатыстыру жұмыстары прокуратура органдарында дәстүр ретінде қалыптасқан.

Осы тұрғыдағы аталған кездесу еркін форматта, емен-жарқын көңіл күйде өтіп, Сыр еліндегі прокуратура ардагерлерін тағы бір қуантып тастады.

Республикалық бірлестік төрағасы Әсет Малғаждарұлы кездесу барысында ардагерлердің ұсыныс, пікірлерін тыңдап, бірлестіктің алдағы уақытқа жоспарланған жұмыс барысын талқылады.

Ардагерлер жиынға қатысқан прокуратура қызметкерлеріне өздерінің өмірлік тәжірибесінен мысалдар келтіріп, қиын да қызықты оқиғаларымен бөлісіп, азаматтардың құқығын қорғау жолында талмай еңбек ету қажеттігін айтты.

Өз кезегінде сөз алған Қызылорда облысының ардагерлері де Бас прокуратура тарапынан жасалып жатқан қамқорлыққа ризашылықтарын білдіріп, бірлестіктің алдағы жоспарларын жұмыла атқаруға дайын екендерін жеткізді.

Жиын соңында Әсет Малғаждарұлы жергілікті жерлердегі прокуратура ардагерлерімен арадағы байланыстың жандана беретінін атап өтті.

Қызылорда облысының прокуратурасы