ҮНДЕУ

ҮНДЕУ

ҮНДЕУ

«Прокуратура туралы» Заңның 31-бабы тәртібінде

ҚҰРМЕТТІ АЗАМАТТАР!

Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, заңдылық пен құқықтық тәртіпті қалпына келтіру, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау мақсатында Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен Қызылорда облысының аумағында 2022 жылғы 5 қаңтар сағат 01:30-дан 2022 жылғы 19 қаңтар сағат 00:00-ге дейін төтенше жағдай енгізілді.

Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығына сәйкес төтенше жағдай қолданылатын кезеңде ол енгізілген жерде мынадай негізгі шаралар мен уақытша шектеулер көзделген:

- еркін жүріп-тұруға, оның ішінде көлік құралдарының кіруі мен шығуына шектеулер белгіленді;

- тұлғалардың жеке басын куәландыратын құжаттарды тексеру, жеке тексеру, олардың жанындағы заттарын, көлік құралдарын тексеру;

- бейбіт жиындарға, ереуілдерге және басқа да жаппай іс-шараларға тыйым салынды.

Төтенше жағдай режимінің талаптарын бұзғаны үшін кінәлі тұлғалар қылмыстық және әкімшілік жауаптылыққа тартылатынын атап өтеміз.

Осылайша, билік өкілінің заңды талабына немесе өкіміне бағынбау, сондай-ақ төтенше жағдай кезеңінде тыйым салынған ереуілге басшылық ету және ұйымдардың жұмысына кедергі келтіру Қылмыстық кодекстің (бұдан әрі – ҚК) 379 және 401-баптары бойынша 2 жылға дейін бас бостандығынан айыруға әкеп соғады.

Төтенше жағдай кезінде көрінеу жалған ақпарат тарату ҚК-нің 274-бабына сай 3 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айырумен жазаланады.

Төтенше жағдай кезінде қару-жарақты, оқ-дәрiлердi, қозғалыс құралдарын, әскери техниканы немесе өзге де әскери мүлiктi қасақана жою немесе бүлдiру 10 жылдан 12 жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруды көздейді (ҚК-нің 459-бабы).

Төтенше жағдай режимін бұзғаны үшін Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің (бұдан әрі – ӘҚБтК) 476-бабы, төтенше жағдай кезінде құқық тәртібін бұзуға итермелейтін әрекеттері үшін (ӘҚБтК-нің 478-бабы) тиісінше 15 және 30 тәулікке дейін әкімшілік қамаққа алу көзделген.

Бұл ретте төтенше жағдай кезінде қылмыстық немесе әкімшілік құқық бұзушылықтар жасау ауырлататын мән-жай болып табылады (ҚК-нің 54-бабы, ӘҚБтК-нің 57-бабы) және неғұрлым қатаң жауаптылыққа әкеп соғады.

Заңдылықты қамтамасыз ету мақсатында, «Прокуратура туралы» Заңның 31-бабын басшылыққа ала отырып, азаматтарды өткізілетін іс-шараларға түсіністікпен қарауға, ішкі істер органдары мен уәкілетті органдар қызметкерлерінің заңды талаптарын сақтауға, оларға қажетті жәрдем көрсетуге шақырамыз.

Сондай-ақ, шындыққа сәйкес келмейтін мәліметтерді таратпауға, арандатушылыққа берілмеуге және төтенше жағдай режимін бұзбауға, ресми дереккөздерде орналастырылған елдегі ағымдағы жағдай туралы сенімді ақпаратты басшылыққа алуға шақырамыз.

Қызылорда облысының

прокуроры                                                                                        Н. Бижанов