700-ге жуық кәсіпкердің құқығы қорғалды

700-ге жуық кәсіпкердің құқығы қорғалды

Қызылорда облыстық прокуратурасымен 2021 жылы Мемлекет басшысы және Бас Прокурордың тапсырмаларынан туындайтын міндеттерді іске асыру мақсатында әлеуметтік-экономикалық салада бірқатар нәтижелі жұмыстар атқарылуда. 

Қадағалау жүргізуде азаматтардың құқықтарын қорғауға, бюджет қаражатының мақсатты жұмсалуына және кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау бағыттарына басымдық берілді.

Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық прокуратураның басқарма басшысы Олжас Қалматаев мәлімдеді.

Үстіміздегі жылы атқарылған жұмыстардың нәтижесінде 200 мыңға жуық адамның құқықтары қорғалды (еңбек, денсаулық сақтау, кәмелетке толмағандар және т.б.). Оның ішінде 25 мың азаматтың конституциялық құқықтары (еңбек, кәмелетке толмағандар) қалпына келтірілді.

Заң бұзушылықтарға жол берген 1300 астам мемлекеттік қызметкер жауаптылыққа, 13 тұлға қылмыстық жауаптылыққа тартылды.

Прокурорлар мемлекеттік бюджетке 3 млрд. теңге қаржы өндірді.

Бизнесті қорғау мақсатында аймақтық кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп, мобильдік топтар құрылды. Оның байланыс телефондары прокуратура мен «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының ресми сайттарында жарияланған.

Бұл бағытта атқарылған жұмыстардың нәтижесінде 700-ге жуық кәсіпкердің құқығы қорғалып, 21 тұлға тәртіптік, 2 лауазымды тұлға әкімшілік жауапқа тартылды.

Бас прокуратураның тапсырмасы негізінде жүргізілген тексеру нәтижесімен лауазымды тұлғалардың 160 млн. теңге ауылшаруашылығы саласындағы субсидия қаржысын жымқыру cхемалары анықталып, 4 қылмыстық іс тіркелді.

Бүгінде заңсыз игерілген 280 млн. теңге бюджет қаржысын мемлекетке қайтару шаралары қабылдануда. 

           Жайылымдық жерлердің  мақсатты игерілуін анықтау үшін облыстың барлық өңірлерінде жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп жұмыс топтары құрылды.

         Нәтижесінде игерілмеген жалпы ауданы 724 мың га жер учаскесі анықталып, оның қазіргі уақытта 68 мың га мемлекет меншігіне қайтарылды. Қалғандары бойынша қайтару немесе игеру жұмыстары жүргізілуде.