Қылмыстық құқық бұзушылық профилактикасы

Қылмыстық құқық бұзушылық профилактикасы

Облыс прокурорының бірінші орынбасары Т.А.Әлібаевтың төрағалық етуімен қылмыстық құқық бұзушылық профилактикасы тақырыбында ведомствоаралық жедел мәжіліс өтті.

Мәжілістің өткізілуіне Қызылорда қаласы, Өсербаев көшесінде қоғамдық тәртіптің күрделеніп, тұрғындардың шағымдануы және а.ж. 31 қаңтарында 16 жастағы қыздың көп қабатты үйдің терезесінен секіріп кетуі себеп болды.

Осыған байланысты жедел мәжілісте Қызылорда қаласы, Өсербаев көшесіндегі қылмыстық ахуал және облыс көлемінде жалпы өсім алған қылмыс түрлерімен күрес бойынша мәселелер талқыланды.

Жиынға қала әкімінің орынбасары, «Қазақтелеком» АҚ өкілдері, ОПД, ҚПБ және ҚАЖД-нің қызметкерлері, сондай-ақ қала, аудан прокурорлары аудан әкімдерімен бірге бейнеконференц байланысы арқылы қатысып, сұрақ жауап арқылы пікір алмасты.

Қазіргі уақытта күрделеніп тұрған тағы бір мәселе – алаяқтық.

Алаяқтық қылмыстардың тең жартысы интернет арқылы жасалып, өткен жылмен салыстырғанда екі есе көбейген.

Бұған еліміздегі карантиндік шаралар кезінде азаматтардың интернет дүкендер мен онлайн жеткізу көмегіне жиі жүгінуі себеп болуда(Olx.kz, Kolesa). 

Сонымен қатар онлайн несие рәсімдеу үшін азаматтар интернет арқылы жеке мәліметтерін (аты-жөні, ЖСН, банк картасының деректемелері) ұсынып, несие алу жағдайлары жиілеген.

Осыған байланысты интернет алаяқтықтарымен күресу үшін алаяқтардың арбауына түсуіне жол бермеу бағытында құқықтық насихат жұмыстарын жүргізу белгіленді.

Мал ұрлықтарына қарсы елді мекендерде малды құжаттандыру бойынша (сырғалау, таңба басу, чип тағу, т.б.) және ауылдарды падашылармен қамтамасыз ету жұмыстарын ұйымдастыру тапсырылды.

Пробациялық есепте тұрған тұлғаларды қатаң бақылауға алып, олардың қайталап қылмыс жасамауы үшін қолданыстағы заңнамаларға сәйкес әлеуметтік шаралар жүргізу белгіленді.

Кәмелетке толмағандардың жыныстық тиіспеушілігіне қарсы қылмыстар бойынша білім беру ұйымдарымен бірлесіп, тұрмыстық жағдайы қолайсыз отбасында тәрбиеленетін балалар мен девиантты мінез құлықты балалармен әлеуметтік психологиялық жұмыстар жүргізу мәселесі қаралды.

Сонымен қатар облыс прокурорының 02.02.2021ж. өкіміне сәйкес Қызылорда қаласындағы 14 учаскелік аймақтарда апта сайын рейдтік іс-шаралар ұйымдастырылуда.

Қылмыстық профилактикасы бойынша мүдделі органдармен бірлесіп, кешенді іс-шаралар жүргізу қатаң бақылауға алынды.

Қызылорда облысының прокуратурасы