Қазалы ауданында «Саналы ұрпақ – жарқын болашақ» атты кеңейтілген мәжіліс өтті

Қазалы ауданында «Саналы ұрпақ – жарқын болашақ» атты кеңейтілген мәжіліс өтті

Қазалы ауданы прокуратурасының ұйымдастыруымен жас ұрпаққа сапалы біліммен қатар тағылымды тәрбие беру, құқық бұзушылықтың алдын алу және қоғамда «Заң мен тәртіп» қағидатын орнықтыру мақсатында «Саналы ұрпақ – жарқын болашақ» атты кеңейтілген мәжіліс өткізілді.

 

Роза Бағланова атындағы аудандық мәдениет үйінде өткен шараға аудан прокуроры Мадияр Бекпанов, аудан әкімі Алмасбек Есмаханов, құқық қорғау органдарының басшылары, зиялы қауым өкілдері, мекеме басшылары, мектеп директорлары, ата-аналар комитетінің өкілдері мен аудан жастары қатысты.

Жиынға Астана қаласынан арнайы шақырылған қонақтар – «Ырыскелді қажы» мешітінің бас имамы, теолог Нұрлан Асанов, облыстық мәслихат депутаты, айтыскер ақын Мұхтар Ниязов және белгілі ақын Ақжол Түменбай қатысып, жастар тәрбиесі, рухани құндылықтар, ұлттық болмыс пен діни сауаттылық мәселелері төңірегінде мазмұнды ой-пікірлерімен бөлісті.

 

Мәжіліс барысында аудан прокуроры Мадияр Бекпанов жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу, құқықтық сауаттылықты арттыру және жастардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында прокуратура органдары тарапынан қабылданып жатқан жүйелі шараларға тоқталды.

 

Сонымен қатар, жиында жас ұрпақты еңбекқорлыққа, тәртіпке, заңды құрметтеуге тәрбиелеуде отбасы, мектеп және мемлекеттік органдардың өзара тығыз байланысы ерекше маңызға ие екені атап өтілді.

 

Шара соңында аудан жастары көкейкесті сауалдарына жауап алып, жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру және олардың құқықтық әрі рухани тәрбиесін күшейту бағытындағы бірлескен жұмыстарды одан әрі жалғастыру жоспарланды.