Үйлестіру кеңесінде есірткі қылмыстарының алдын алу мәселесі қаралды

Үйлестіру кеңесінде есірткі қылмыстарының алдын алу мәселесі қаралды

Облыс прокуратурасының кезекті заңдылықты, құқықтық тәртіпті және қылмысқа қарсы күресті қамтамасыз ету жөніндегі Үйлестіру кеңесінде есірткі қылмыстарының алдын алуда құқық қорғау, жергілікті және уәкілетті органдармен атқарылған шаралардың жай-күйі қаралды.    

Кеңес барысында өңірдегі есірткінің заңсыз айналымына қарсы күрестің жай-күйі, есірткіні өткізу және сақтау арналарының жолын кесу, есірткіні заңсыз өсіру фактілерін анықтау, сондай-ақ нашақорлықтан емдеу және оңалту мәселелері талқыланды.

Облыс прокуроры Ризабек Ожаров аймақта есірткі өсімдіктерін заңсыз егудің 44 дерегі орын алғанын атап өтіп, егілген жерлерді мемлекетке қайтару туралы тиісті шаралардың қабылданбағанын сынға алды.

Сондай-ақ құқық қорғау органдарына есірткінің заңсыз айналымын, оның ішінде интернет кеңістігі арқылы тарату фактілерін анықтау, жеткізу арналары мен ұйымдастырушыларын әшкерелеу бойынша жұмысты күшейтуді тапсырды.

Денсаулық сақтау саласына есірткіге тәуелді тұлғаларды ерте анықтау, оларды емдеу және оңалту жөніндегі жұмысты жандандыру міндеті қойылды.

Білім беру және жастар саясаты саласындағы органдарға жастар арасында нашақорлықтың алдын алуға бағытталған профилактикалық жұмысты күшейту жөнінде тапсырма берді.

Барлық жауапты органдарға ведомствоаралық өзара іс-қимылды күшейтіп, формалды іс-шараларға жол бермеу және қабылданған шаралардың нақты нәтижелілігін қамтамасыз ету жүктелді.

Кеңес қорытындысымен есірткі қылмыстарының алдын алу және олардың заңсыз айналымына қарсы іс-қимылдың тиімділігін арттыруға бағытталған нақты шаралар айқындалды.

Отырысқа қатысушылар көтерілген мәселелерді қолдап, есірткіге қарсы іс-қимыл бойынша бірлескен шараларды іске асыруға дайын екендіктерін білдірді.

Қызылорда облысының прокуратурасы