ҚЫЗЫЛОРДАДА ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ ЖОБА – ҚҰС ФАБРИКАСЫ ІСКЕ ҚОСЫЛДЫ

ҚЫЗЫЛОРДАДА ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ ЖОБА –  ҚҰС ФАБРИКАСЫ ІСКЕ ҚОСЫЛДЫ

6 тамызда облыс прокуроры Ризабек Ожаров және облыс әкімі Мұрат Ергешбаев жұмыс сапарымен Жаңақорған ауданында болып, «Абдулла» шаруа қожалығының құс фабрикасының ашылу рәсіміне қатысты.

Бұл кәсіпорын – өңірдің агроөнеркәсіп саласындағы ірі инвестициялық жобалардың бірі.

Оның жалпы құны – 5,5 млрд теңге, бүгінде мұнда 120 адам тұрақты жұмыспен қамтылған.

Кәсіпорын жылына 5,5 мың тоннаға дейін құс етін өндіруге қауқарлы.

Мемлекеттік қолдау аясында өндіріс орнына қажетті инженерлік инфрақұрылым тартылған.

Салтанатты шара барысында облыс прокуроры тұрғындарды жаңа өндіріс орнының іске қосылуымен құттықтап, жобаның жүзеге асуына үлес қосқан бірқатар азаматқа алғыс хатын табыстады.

Кәсіпорын өнімдері облыстың және еліміздің ішкі нарығын сапалы құс етімен қамтамасыз етумен қатар, алдағы уақытта көршілес мемлекеттердің нарығына экспортталмақ.

Бұл өз кезегінде, өңірдің экспорттық әлеуетін арттырып, агроөнеркәсіп кешенінің дамуына серпін береді.

Жалпы Ұлттық цифрлық инвестициялық платформаға құны 2,9 трлн теңгені құрайтын 197 инвестициялық жоба енгізілген.

Оларды сүйемелдеу кезінде прокурорлармен 35 инвестордың мәселесі оң шешімін тапты.

Жалпы облыс әкімдігімен бірлесіп соңғы 2 жылда құны 315 млрд теңгені құрайтын 33 инвестициялық жоба іске қосылды.

Бұл өңірдің 1,5 мың тұрғынын жұмыспен қамтыды.

Олардың ішінде түрік инвесторларының 215 млрд теңге өз қаражаттарына салған қуаттылығы 240 МВт «Aksa Energy Qyzylorda» жылу электр станциясы және құны 4 млрд теңге «Orhun Medical» диагностикалық орталығы.

Сондай-ақ, 11,5 млрд теңге қытайлық инвесторлардың «Тесис» ЖШС күн электр станциясы да жүзеге асты.

Осы жылдың соңына дейін облыста инвесторлармен 87 млрд теңгенің 17 жобасы өз жұмысын бастауы жоспарлануда.

 

Қызылорда облысының прокуратурасы