Сотталғандарға ізгілендіру актісін қолдану бойынша дөңгелек үстел өткізілді

Сотталғандарға ізгілендіру актісін қолдану бойынша  дөңгелек үстел өткізілді

Облыс прокуратурасының ұйымдастыруымен сотталғандарға ізгілендіру актісін қолдану мәселелері бойынша дөңгелек үстел өткізілді.

Жиынға облыс прокуроры Ризабек Ожаров төрағалық етіп, оған Адам құқықтары жөніндегі уәкілі, жергілікті соттардың судьялары, Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің басшылары мен жауапты қызметкерлері қатысты.

Күн тәртібінде қылмыстық саясатта ізгілендіру қағидаттарын жүзеге асыру, түрме халқының санын азайту және біркелкі сот тәжірибесін қалыптастыру мәселесі қаралды.

Мемлекет басшысы пенитенциарлық жүйені ізгілендіруді, бас бостандығынан айыру орындарындағы адамдар санын азайтуды, балама жазаларды кеңінен қолдану мен түзеу мекемелері жүйесін жаңғыртуды тапсырды.

Аталған шаралар заң бұзған тұлғаларды қоғамнан шеттетпей, оларды түзетуге, қайта әлеуметтендіруге және заңға бағынатын, қоғамға пайдалы азамат ретінде қайта бейімдеуге бағытталған. Бұл – мемлекеттің басты міндеттерінің бірі.

Дөңгелек үстелде ізгілендіру мәселелерін оңтайлы шешу жолдары бойынша ұсыныстар тыңдалып, біркелкі сот тәжірибесін қалыптастыру бағытында пікір алмасып, қосымша іс-шаралар айқындалды.

 

Қызылорда облысының прокуратурасы