«Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында Қызылорда облысының прокуратурасы уәкілетті органдармен бірлескен жұмыс тобын құрып, бірқатар ауқымды жұмыстар атқаруда.
Ведомствоаралық мәжілістер өткізіліп, тұрғындар арасында түсіндірме жұмыстары жүргізілді.
Жұмыс тобымен облыс аумағында заңсыз тұрмыстық қалдықтар орналастырылған орындар анықталды.
Уәкілетті органдарға тиісті шаралар қабылдау жөнінде тапсырмалар беріліп, анықталған заңсыз қоқыс үйінділерін жою жұмыстары ұйымдастырылды.
Бүгінгі күнге атқарылған жұмыстар нәтижесінде 83 заңсыз қоқыс орындар анықталып, олардың бәрі санитариялық талаптарға сәйкестендірілді.
Арнайы полигондарға 700 тоннадан астам қалдық шығарылды.
Экологиялық заңнама талаптарын бұзып, қоршаған ортаны ластауға жол берген 590 азамат әкімшілік жауаптылыққа тартылды.
Жұмысшы топпен проблемалық учаскелер бекітіліп, ол аймақтарға бейнебақылау камералары мен арнайы ескерту белгілерін орнату жұмыстары қолға алынды.
Азаматтарды қоршаған ортаны қорғауға жауапкершілікпен қарап, тұрмыстық қалдықтарды белгіленген орындарға тастауға және туған өлкенің тазалығын сақтауға шақырамыз.