Қызылордада алимент өндіру мәселелері бойынша алқа мәжілісі өтті

Қызылордада алимент өндіру мәселелері бойынша алқа мәжілісі өтті

Облыс прокуратурасының ұйымдастыруымен облыс прокуроры Ризабек Ожаровтың төрағалығымен, облыс әкімінің орынбасары Ардақ Зебешев,мүдделі мемлекеттік органдар, оның ішінде Әділет департаменті мен жеке сот орындаушылардың өңірлік палатасы басшылары мен өкілдерінің қатысуымен алимент өндіру мәселелері бойынша көшпелі алқа мәжілісіөткізілді.

Жиында балалардың құқықтарын қорғау, алимент өндірудің тиімділігін арттыру және қаскөй борышкерлерге қатысты заңмен көзделген шараларды күшейту мәселелері талқыланды.

Прокуратурамен жүргізілген талдау нәтижесінде алимент өндіру саласында қайталанатын жүйелі бұзушылықтар анықталды.

Атап айтқанда, 500-ден астам алимент өндіру туралы өндірісатқарушылық іс қозғау қаулысын қабылдаумен ғана шектеліп, әрі қарай тиісті жұмыстар жүргізілмеген.

12 борышкердің жалақысына өндіру қолданылмаған, 45 борышкердің мүлкі мен есепшоттарына шектеу қойылмаған, 362 борышкерге шетелге шығуына тыйым салу шаралары қабылданбаған.

Мәселен, Байқоңыр қаласының сот орындаушысы шетелге шығуға шектеу қоймауынан миллион теңге қарызы бар борышкер бірнеше рет Өзбекстан еліне барып келген.

Бұған қоса екі жылдан бері меншігіндегі шетел автокөліктерінен борышкердің 2 млн теңге берешегін өндіруге әрекеттенбеген.

Сондай-ақ, қаскөй борышкерлерді әкімшілік және қылмыстық жауаптылыққа тарту бағытындағы жұмыстардың жеткіліксіздігі, ал Әділет департаменті тарапынан жүргізілген мемлекеттік бақылаудың нәтижелілігі төмен екендігі атап өтілді.

Жиын барысында Бас Прокурордың қасақана жалтарған борышкерлерді әкімшілік және қылмыстық жауаптылыққа тарту тәртібі туралы Нұсқауы түсіндіріліп, аталған қадағалау актісіне сәйкес әзірленген бірлескен іс-қимыл жоспары мен жұмыс алгоритмі талқыланды.

Алқа мәжілісінің қорытындысымен уәкілетті органдарға нақты тапсырмалар беріліп, алимент өндіру жұмыстарын күшейту, қаскөй борышкерлерге қатысты заң талаптарын мүлтіксіз қолдану және азаматтардың өтініштеріне жедел ден қою тапсырылды.