Қызылорда қаласында «Қайсар» – «Елімай» футбол клубтары арасындағы матч барысында кәмелетке толмағандардың құқықтық мәдениетін арттыруға және құқық бұзушылықтың алдын алуға бағытталған профилактикалық акция ұйымдастырылды.
Іс-шараға облыс прокуроры Ризабек Ожаров пен өңір әкімі Мұрат Ергешбаев қатысты.
Халықтың көп шоғырлануын ескере отырып, спорттық шара жастар арасында профилактикалық жұмысты жүргізудің тиімді алаңы ретінде пайдаланылды.
Түсіндіру жұмыстары қолжетімді әрі интерактивті форматта өткізілді.
Матч арасындағы үзілістерде көрермендерге қоғамдық тәртіпті сақтау және жасөспірімдердің құқықтық санасын қалыптастыру мәселелеріне арналған профилактикалық бейнероликтер көрсетілді.
Сонымен қатар жанкүйерлер арасында клуб талисмандарымен интернет-алаяқтықтың, есірткі қылмыстарының алдын алу, жол және өрт қауіпсіздігі, жаз мезгілінде су айдындарында шомылу қағидаларын сақтау, құқыққа қайшы мінез-құлыққа жол бермеу тақырыптарындағы ақпараттық жадынамалар таратылды.
Аталған іс-шара облыс прокуратурасының «Adal Bala» және «Саналы ұрпақ» жобалары аясында жүзеге асырылып жатқан жүйелі профилактикалық жұмысының бір көрінісі болды.
Қызылорда облысының прокуратурасы