Қызылорда қаласында қоғамдық қауіпсіздікті күшейту және құқық бұзушылықтардың алдын алу бағытында «Қауіпсіз қала» жол картасы аясындағы кешенді жұмыстар өз нәтижесін көрсетуде.
Жоба шеңберінде криминогендік аймақ ретінде тіркелген 32 көңіл көтеру орнына профилактикалық іс-шаралар жүргізілді. Қабылданған шаралардың нәтижесінде 5 кафе мен 1 түнгі клуб өз еркімен қызметін тоқтатса, құқық бұзушылықтар жиі тіркелген 2 түнгі клуб пен 1 кафенің алкоголь өнімдерін сатуға байланысты қызметі сот қаулысымен уақытша тоқтатылды.
Қаладағы барлық көңіл көтеру орындарына жүргізілген талдау барысында тәуекелі жоғары 62 кафе, 10 түнгі клуб және 17 сауна анықталды. Оның ішінде алкоголь өнімдерін сатуға лицензиясы жоқ 29 кафе, 2 түнгі клуб және 13 сауна ерекше бақылауға алынды.
Үйлестіру жұмыстарының нәтижесінде 26 көңіл көтеру орны мен 19 сауда нысанына тексеру жүргізіліп, заңсыз сауда айналымынан 838 дана алкоголь өнімі тәркіленді. Сонымен қатар, мемлекет пайдасына 3 млн теңге көлемінде айыппұл өндірілді.
Алкоголь өнімдерін өткізу талаптарын бұзу деректері бойынша ӘҚБтК-нің 200-бабымен 35 әкімшілік хаттама рәсімделді. Оның ішінде 21 жасқа толмаған азаматтарға алкоголь сату бойынша 3 дерек тіркелді. Лицензиясыз алкоголь өнімін сату фактісімен ӘҚБтК-нің 463-бабына сәйкес 55 әкімшілік шара қолданылды.
Тұрғындар мен кәсіпкерлердің қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге белсенді қатысуы үшін «Қауіпсіз қала – Қызылорда» Telegram-чаты іске қосылды. Аталған алаң арқылы келіп түскен хабарламаларға полицияның мобильді топтары тәулік бойы жедел әрекет етуде.
Қабылданған кешенді шаралардың нәтижесінде былтырғы көрсеткішпен салыстырғанда қала аумағындағы кафе, мейрамхана және түнгі көңіл көтеру орындарында ауыр және аса ауыр қылмыстардың орын алуына жол берілмеді. Ал жалпы қылмыс деңгейі өткен кезеңмен салыстырғанда 16 пайызға төмендеді.
Қоғамдық тәртіпті нығайтуға, қылмыстың алдын алуға және тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған жұмыстар алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасады.