Жеңіл жолмен пайда табу мақсатында Қызылорда қаласының тұрғыны өзіне тиесілі банк есеп шотын үшінші тұлғалардың пайдалануына 20 000теңге сыйақыға беріп, дроперлік қызметпен айналысты.
Сот үкімімен ол Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодекстің 232-1 бабы 1-бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, 20 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл түріндегі жаза тағайындалды.
Өз кезегінде, дроперлер алаяқтық схемаларда делдал ретінде әрекет етеді. Олардың негізгі қызметі - заңсыз жолмен келген ақшаны қабылдау, оларды басқа банктік шоттарға аудару немесе қолма-қол ақшаға айналдырып, ұйымдастырушыларға беру болып табылады.
Аталған құқық бұзушылықтың ауырлығына байланысты заңнамаменкінәлі тұлғаларға айыппұлдан бастап 7 жылға дейінгі бас бостандығынан айыру түріндегі жаза көзделген.
Егер адам заңсыз схемаға тартылғанын түсініп, бұл туралы уәкілетті органдарға өз еркімен хабарлап, қылмыстың ашылуына белсенді ықпал етсе, ол қылмыстық жауаптылықтан босатылуы мүмкін.
Осы орайда облыстық прокуратура азаматтарды алаяқтық схемалардың құралына айналмауға және өздерінің банктік деректерін үшінші тұлғаларға бермеуге шақырады.
Қызылорда облысының прокуратурасы