Облыс прокуратурасының Үйлестіру кеңесінде меншікке қарсы қылмыстар, оның ішінде алаяқтық қылмыстарының жай-күйі мен алдын алу бағытындағы шаралар талқыланды.
Отырысқа Үйлестіру кеңесінің мүшелері, білім беру, денсаулық сақтау, ауылшаруашылығы саласының басшылары мен ұлттық банк, қаржы нарығын реттеу, жергілікті БАҚ өкілдері қатысты.
Кеңесте облыс прокуроры Р.Ожаров аймақта өткен жылы 3211 қылмыстық құқық бұзушылық тіркелгенін, оның 56% (1740) меншікке қарсы қылмыстар құрағанын айтты.
Меншікке қарсы қылмыстардың 70% алаяқтық, 21% ұрлық, қалғаны мал ұрлығы, тонау, қорқытып алушылық деректері екенін мәлімдеді.
Аталған санаттағы қылмыстардың басым бөлігі жұмыссыз, көп балалы аналар мен сотты болған тұлғалармен жасалғанын атады.
Облыс көлеміндегі алаяқтық қылмысының ашылу көрсеткіші Республикада екінші орынға ие болғанын бұл жауапты органдармен бірлескен оңды шаралардың нәтижесі екенін жеткізді.
Биылда қылмыспен күресу бағытында нәтижелі жұмыстарды бірлесіп атқару қажеттігін атап өтті.
Бұл қылмыстардың алдын алу үшін профилактикалық жұмыстарды күшейту, интернеттегі жалған парақшаларды бұғаттау, есептегі тұлғалармен жүйелі жұмыс жүргізу және жұмыссыз азаматтарды еңбекпен қамту шараларын жетілдіруді жауапты органдарға тапсырды.
Кеңес мүшелері облыс прокурорымен айтылған мәселелерді бір ауыздан мақұлдап, бірлескен нәтижелі шаралар атқаратынын жеткізді.
Қызылорда облысының прокуратурасы