Бүгін Қызылордада еліміздің жаңа Конституциясының жобасын
кеңінен түсіндіруге арналған жиын өтті.
Іс-шараға зиялы қауым өкілдері, мәслихат депутаттары,
Ассамблея мүшелері, құқық қорғау органдарының басшылары,
бизнес қауымдастығы, жоғары оқу орындарының ғалым-ұстаздары,
саяси партиялар, үкіметтік емес ұйымдар, жастар мен бұқаралық
ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Жиынды ашқан облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев жаңа
Конституцияның негізгі ұстанымдарының бірі — «Адам мемлекет
үшін емес, мемлекет адам үшін» қағидаты екенін атап өтіп,
әділеттілік, заң мен тәртіп, экологиялық жауапкершілік
ұғымдарының алғаш рет Конституция деңгейінде бекітілуінің
маңызын сөз етті.
Жиын барысында Конституциялық реформаның құқықтық
негіздері туралы баяндама жасаған Қызылорда облысының
прокуроры Ризабек Ожаров өңірде заңдылықты нығайтуға
бағытталған жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатқанын жеткізді.
Облыс прокуроры жаңа Конституция жобасының басты
ерекшелігі — адам құқықтарына бағдарлануы екенін, азаматтардың
цифрлық ортадағы құқықтарын қорғау нормаларының алғаш рет
енгізілуін атап өтті.
Бұл тұрғыда, жердің шетелдіктерге сатылуына қатысты алып-қашпа
ақпараттардың шындыққа жанаспайтыны, қолданыстағы
Конституцияға сәйкес жер және оның қойнауы халыққа тиесілі екені
және бұл норма өзгеріссіз сақталатыны түсіндірілді.
Сондай-ақ, «Халық заңгері» және «Заң керуені» жобалары
арқылы шалғай елді мекендерде 2 мыңнан астам азаматтың
құқықтық мәселелері бойынша қабылданғанын атап өтті.
Аталған бастамалар азаматтардың мемлекетке деген сенімін
арттыруға бағытталған тиімді тетіктер ретінде Президент Әкімшілігі
тарапынан жоғары бағаланған.
Жиында Ұлттық құрылтайдың V отырысының Сыр өңірінде
өтуінің тарихи маңызы да кеңінен сөз болды.
Бұл алқалы жиында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт
Тоқаев ел дамуының жаңа кезеңіне арналған конституциялық,
парламенттік және басқару жүйесін жаңғыртуға бағытталған
маңызды реформаларды айқындап бергені атап өтілді.
Жиын қорытындысында қатысушылар Конституциялық
реформаның елдің құқықтық мемлекет ретінде дамуына, әлеуметтік
әділеттілікті нығайтуға және азаматтардың өмір сапасын арттыруға
бағытталған маңызды қадам екеніне назар аударды.