
Қызылорда облысы прокуратурасының бастамасымен құқық қорғау органдары мен сот жүйесі қызметкерлерінің қатысуымен қылмыстық іс жүргізу сапасын арттыру және бірізді сот практикасын қалыптастыру мәселелеріне арналған семинар-кеңес өтті.
Семинар-кеңеске облыс прокуроры Ризабек Ожаров, облыстық сот төрағасы Әділхади Шығамбаев, Полиция департаментінің бастығы Серік Ергешов, Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің бастығы Аслан Кеңес, облыстық адвокаттар алқасының төрағасы Мейірбек Даубалаев қатысты.
Іс-шарада Кассациялық саты сотының қалыптастырған тәжірибесіне ерекше назар аударылып, сыбайлас жемқорлық, экологиялық қылмыстар, ұрлыққа оқталу және қылмыстың бірнеше рет жасалу белгісі бойынша сот тәжірибесі талқыланды.
2025 жылдың 1 шілдесінен бастап Кассациялық саты соты 494 қылмыстық істі қарап, 44 үкімнің күшін жойып, 7 адамды ақтады, 36 адамның жазасын жеңілдетті. Әр бесінші сот үкімі өзгерді.
Қайта қарауға себеп болған негізгі кемшіліктер ретінде тергеу мерзімдерінің бұзылуы, қорғау құқығының сақталмауы, іс-әрекетті дұрыс сараламау және жаза тағайындаудағы қателіктер аталды.
Іс-шара барысында уәкілетті органдарға қылмыстық істерді тергеу және сотта қарау кезінде Жоғарғы Сот пен Кассациялық саты сотының қаулылары мен құқықтық ұстанымдарын міндетті түрде ескеру қажеттігі тапсырылды.
Тергеу сапасын арттыру мақсатында тергеу органдарына нақты ұсыныстар беріліп, мұндай семинарлардың заңдылықты нығайту мен бірізді сот тәжірибесін қалыптастырудағы маңызы атап өтілді.
Қызылорда облысының прокуратурасы