Қызылордада инвесторлармен кездесу өтті

Қызылордада инвесторлармен кездесу өтті

Қызылорда облысында мемлекеттік органдар мен бизнес-қоғамдастық өкілдерінің қатысуымен Өңірлік инвестициялық штабтың отырысы өтті.

Кездесудің негізгі тақырыбы – капиталды қорғау тетіктерін жетілдіру және кәсіпкерлік қызметке қолайлы жағдайлар жасау болды.

Отырыс Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен өтті.

Штаб жұмысына облыс прокуроры Ризабек Ожаров, Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Қуантыров, Бас прокуратураның Қызмет басшысының орынбасары Ризат Смағұлов, сондай-ақ Инвесторлардың  құқықтарын қорғау комитетінің өкілдері қатысты.

Өз сөзінде Әлібек Қуантыров қазіргі экономикалық жағдайларға бейімделген шетелдік инвестицияларды тартудың жаңа стратегияларын таныстырды.

Ал өз кезегінде Ризат Смағұлов Инвесторлардың құқықтарын қорғау комитетінің жұмыс тетіктерін таныстырып, Инвестициялық омбудсменнің мемлекет пен инвестор арасындағы байланыстырушы буын ретіндегі рөліне ерекше назар аударды.

Облыс прокуроры Ризабек Ожаров өткен жылы атқарылған нәтижелі жұмысты қорытындылап, өңірдің инвесторлардың кейстік мәселелерін шешу бойынша республикада алдыңғы үштікке енгенін атап өтті.

Соңғы екі жылда прокурорлар 60 инвесторға қатысты 83 проблемалық мәселені шешті.

Сондай-ақ, жүктемесі төмен төрт кәсіпорынның мәселелері шешіліп, олардың толық өндірістік қуатында жұмысын қайта бастауына мүмкіндік жасалды.

«Негізгі жетістіктердің бірі – «Прокурорлық сүзгі» тетігінің енгізілуі», – деп атап өтті Ризабек Ожаров.

Қазіргі таңда инвесторларға қатысты жүргізілетін кез келген тексеру, айыппұл салу немесе талап қою прокурорлардың алдын ала келісімінсіз заңды деп танылмайды.

Нәтижесінде өткен жылы 13 әкімшілік іс жүргізу тоқтатылып, 9 тексеру қорытындыларының күші жойылды.

 

Инвестициялық жобаларды сүйемелдеумен қатар, прокурорлар адал кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау бағытында да жүйелі жұмыс жүргізуде.

Атап айтқанда, 2025 жылы шамамен 3,5 мың кәсіпкердің құқықтары қорғалып, 600-ге жуық заңсыз тексерулердің күші жойылды.

Қорытындылай келе, облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев атқарылып жатқан жұмыстар өңірдегі тұрақты экономикалық өсім мен әлеуметтік тұрақтылықты нығайтуға ықпал еткенін атап өтті.

Прокуратура мен жергілікті атқарушы органдардың өзара іс-қимылы инвесторлар үшін туындайтын мәселелерді шешуде ашықтық пен жеделдікті қамтамасыз етіп, «ашық есік» форматында өз жалғасын табатын болады.