Қызылорда облысының Арал ауданында прокуратура органдары арқылы мемлекетке қайтарылған активтер есебінен Тоқабай және Абай елді мекендерінің тұрғындарын сумен қамтамасыз ету мақсатында су құбырының құрылысы жүргізілуде.
Сонымен қатар, Ерімбетжаға елді мекенін орталықтандырылған су құбыры желісіне қосу жұмыстары аяқталуға жақын.
Қазіргі уақытта ауыл тұрғындары суды жер асты құдықтарынан пайдалануға немесе шалғай орналасқан елді мекендерден тасуға мәжбүр.
Аталған жобалардың іске асырылуы үйлерді орталықтандырылған су жүйесіне қосуға мүмкіндік беріп, тұрғындардың өмір сапасын арттырып, өңір инфрақұрылымының одан әрі дамуы мен жаңғыртылуын қамтамасыз етпек.
Арал ауданы прокуратурасы мен аудан әкімдігінің басшылығы әлеуметтік нысандардың құрылыс барысымен танысты.
Құрылыс жұмыстарын ағымдағы жылдың соңына дейін аяқтау жоспарлануда.
Бүгінгі күні мемлекетке қайтарылған активтер есебінен Арал ауданында денсаулық сақтау және сумен жабдықтау салалары бойынша жалпы алты әлеуметтік нысан жүзеге асырылып жатқандығын атап өткен жөн.
Нысандардың құрылысы мен мемлекет қаражатының мақсатты жұмсалуы прокуратураның тұрақты бақылауында.