«Заң мен Тәртіп» тұжырымдамасын ілгерілету мақсатында Қызылорда облысының Сырдария ауданында әкімдіктің, құқық қорғау, арнайы және сот органдарының бірінші басшыларының қатысуымен кезекті қоғамдық қабылдау ұйымдастырылды.
Қоғамдық қабылдауға Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, Қызылорда облысының прокуроры Ризабек Ожаров, Қызылорда облыстық сотының төрағасы Әділхади Шығамбаев, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Қызылорда облысы және Байқоңыр қаласы бойынша департамент басшысы Азамат Ищанов, Қызылорда облысы бойынша Полиция департаментінің бастығы Серік Ергешов, Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің бастығы Аслан Кенес қатысты.
Іс-шара барысында өңір тұрғындары үшін өзекті саналатын әлеуметтік қолдау, отбасылық даулар, жер даулары, жұмыссыздық, сондай-ақ қылмыстық ахуал мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Сонымен қатар, бүгінгі күні қоғамға айтарлықтай қауіп төндіріп отырған интернет-алаяқтық пен есірткі қылмыстарының алдын алу жолдары жан-жақты түсіндірілді.
Қоғамдық қабылдау нәтижесінде азаматтардан түскен өтініштер бойынша тиісті уәкілетті органдарға нақты тапсырмалар жүктелді.
Аудан тұрғындары жеке сауалдарына толыққанды жауап алып, мұндай форматтағы қабылдаулардың мемлекеттік органдарға сенім дәрежесін арттырып, халықтың көкейіндегі мәселелерді жедел шешуге мүмкіндік беретіндігін атап өтті.
Заң мен тәртіпті халық арасында насихаттау және құқықтық мәдениетті арттыру бағытындағы мұндай шаралар облысымыздың басқа аудандарында жалғасын табатын болады.