Қостанай облысының прокуратура органдары медициналық мекемелердің қызметін тексеру барысында балалардың денсаулық сақтау құқықтарын бұзу фактілерін анықтады.
Осылайша, мамандандырылған медициналық орталықтарға ай сайын түрлі аурулары бар балаларды оңалту үшін квоталар бөлінеді.
Орталықтарда болу өтеусіз негізде жүзеге асырылады, алайда бөлінетін квота кандидаттардың болмауы немесе сапардан бас тарту себебінен толық көлемде жұмсалмады.
Бұл жағдайды прокурорлар кәмелетке толмағандардың заңды өкілдеріне сауалнама жүргізу жолымен тексерді және олардың хабардарлығы төмен екені анықталды.
Мысалы, Қостанай қаласында кәмелетке толмаған пациентке «Дружба» балалар облыстық орталығында оңалтудан өту ұсынылды. Тегін рәсім туралы білмей, баланың заңды өкілдері өз қаражаты есебінен оңалтудан өтті.
Облыс бойынша барлығы осыған ұқсас 166 факт анықталды.
Қазіргі уақытта прокурорлық қадағалау актілері бойынша жергілікті атқарушы органдар балаларды оңалтуға және санаторий-курорттық емдеуге жіберу жөнінде шаралар қабылдауда.
Қостанай облысының прокуратурасы