«Прокуратура туралы» жаңа Конституциялық заңның новеллалары

«Прокуратура туралы» жаңа Конституциялық заңның новеллалары

2022 жылғы 5 қарашада Қазақстанның қалыптасу тарихында тұңғыш рет ел Президентімен 18 қарашада күшіне енетін «Прокуратура туралы» Конституциялық заңға қол қойылды.

Жеке Конституциялық заңның қабылдануы Мемлекет басшысының 2022 жылғы 16 наурыздағы «Жаңа Қазақстан: Жаңару және жаңғырту жолы» атты Қазақстан халқына Жолдауында айтқан бастамасының іске асырылуы болды.

«Прокуратура туралы» Конституциялық заңды қабылдаудың негізгі мақсаты прокуратураның құқық қорғау қызметін күшейту, елдегі жоғары қадағалау мен заңдылық құралдарын нығайту болып табылады.

Конституциялық заң адамның және азаматтың бұзылған құқықтары мен бостандықтарын қорғау және қалпына келтіру бойынша пәрменді құралдарды, қадағалау тетіктерін және меншік нысанына қарамастан мемлекеттік органдармен және ұйымдармен, сондай-ақ Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкілмен оның қызметіне жәрдем көрсете отырып, өзара іс-қимылды көздейді.

Заңнамалық актіде Бас Прокурордың Конституция нормаларын түсіндіру үшін Конституциялық Сотқа, азаматтық, қылмыстық әкімшілік істер және әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер бойынша сот практикасы мәселелері бойынша түсініктеме беру туралы ұсыныспен Жоғарғы Сотқа жүгіну құқығы бекітілген.

Сондай-ақ, прокуратура органдарының жанынан құрылатын заңдылықты, құқықтық тәртіпті және қылмысқа қарсы күресті қамтамасыз ету жөніндегі үйлестіру кеңестерінің шешімдерін қатысушы мемлекеттік органдар бірлескен, ведомстволық құқықтық актілер шығару және (немесе) тиісті іс-шараларды жүзеге асыру жолымен іске асыратыны алғаш рет заңнамамен бекітілген.

Бұл новелла үйлестіру кеңестерінің шешімдерін іске асырудың тиімділігі мен нәтижелілігін арттыратыны сөзсіз, өйткені мұндай құқықтық актілердің нормаларын орындау міндетті болады.

Прокуратура органдарының азаматтардың өтініштерін қарау үшін негіздер кеңейтілді, бұл:

1) Қазақстан Республикасының конституциялық құрылысы мен ұлттық қауіпсіздігіне төнетін қатерді болғызбау мақсатында;

2) жойылмауы адамның өмірі мен денсаулығына зиян келтіруге әкеп соғатын заңдылықты бұзу фактілері бойынша;

3) Бас Прокурордың тапсырмалары бойынша жүзеге асырылады.

Сондай-ақ, қосымша материалдарды талап ету қажет болған кезде тексеру жүргізу мерзімдерін ұзарту мүмкіндігі белгіленді, сондай-ақ заңдылықтың сақталуын тексерудің едәуір көлеміне байланысты тексеру мерзімі отыз жұмыс күнінен аспайтын мерзімге ұзартылуы мүмкін, прокурор шет мемлекеттерден мәліметтер мен құжаттарды алғанға дейін тексеруді тоқтата тұруға құқылы жағдайлар кеңейтілді.

Инновациялар прокурорлар шығаратын актілерге де әсер етті. Нұсқаулар беру (әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер бойынша қосымша тексеру жүргізу, атқарушылық іс жүргізу, прокуратураның талабы орындау бойынша жүргізілетін тексерулерді, мемлекеттік құқықтық статистика) және заң бұзушылықтарға жол бермеу туралы түсіндіру (оның ішінде адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қорғау мақсатында) үшін негіздер тізбесі кеңейтілді. Енді мекеменің, ұйымның және басқа да уәкілетті тұлғалардың әрекеттеріне наразылық берілуі мүмкін, оны қарау мерзімі 3 жұмыс күніне дейін қысқартылуы мүмкін.

«Прокуратура туралы» Конституциялық заңның 48-бабының 3-тармағына сәйкес «Прокуратура туралы» 2017 жылғы 30 маусымдағы Қазақстан Республикасының Заңының күші жойылды.

 

Қостанай облысының

прокуроры                                                                                     Б. Абилов