Прокурордың жаңа құзыретінің мәні мемлекеттік органдардың заңсыз шараларының күшін жоюында

Прокурордың жаңа құзыретінің мәні мемлекеттік органдардың заңсыз шараларының күшін жоюында

Мемлекет басшысының «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Қазақстан халқына Жолдауында прокуратура органдарына азаматтар мен бизнес проблемаларын тиімді шешуге прокуратура қадағалауын қайта бағыттау тапсырылды.

«Прокуратура туралы» 2017 жылғы 30 маусымдағы Қазақстан Республикасының Заңына 2021 жылғы 2 шілдеде кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау саласындағы қадағалауды күшейтуге бағытталған өзгерістер енгізілді, олар 2021 жылғы 4 қыркүйекте күшіне енді.

Негізгі жаңалық бұл  прокурорларға кәсіпкерлердің мемлекеттік органдар тарапынан араласу фактілері бойынша өтініштерін қарау құзыретінің берілуі.

Бұрын мұндай өтініштер уәкілетті органдарға жіберілетін.

Енді прокурорлар бизнес субъектілерінің шағымдарына жедел ден қоя алады, олар бойынша тексерулер жүргізе алады, қажетті ақпаратты өздері белгілеген мерзімде сұрата алады және түсініктеме алу үшін адамдарды шақыра алады.

Прокурорда заңсыз қолданылған шектеу сипатындағы шараларды дереу жоюға өкілеттік пайда болады.

Мәселен шоттарға негізсіз тыйым салу, мүлікті пайдалануға тыйым салу, қызметін тоқтата тұру, жұмыстағы уақытша және өзге де шектеулер.

Мемлекеттік органдардың бұл шаралары азаматтар мен бизнес үшін өте елеулі. Олар кез-келген кәсіпорынды толығымен әлсіретіп, жұмысшыларды табыс көзінен айыра алады.

Егер прокурор осындай фактілерді анықтаса, олардың күшін жою туралы қаулы шығарады. Оны орындау міндетті.

Мемлекеттік орган осындай қадағалау актісіне шағым жасаған жағдайда, сот дауына азаматтар мен бизнес тартылмайды. Тек прокурор мен орган сотта өз ұстанымын дәлелдейді және негіздейді.

Бұл ретте шағым жасау прокурор қаулысының қолданылуын тоқтатпайды.

Сонымен қатар қаулыны орындамағаны үшін әкімшілік жауаптылық енгізілді (Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 664-1-бабы – отыз айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады).

 

Қостанай облысының прокуратурасы