2022 жылғы 27 сәуірде облыс прокуроры Берік Абиловтің төрағалығымен 2021 жылғы және 2022 жылдың 1-тоқсанындағы уәкілетті органдардың мемлекет кірісіне атқарушылық құжаттарды орындау бойынша өзара іс-қимыл мәселелері, сондай-ақ қылмыстық істер бойынша алынған заттай дәлелдемелер мен құндылықтардың сақталуы мәселелері бойынша облыс прокуратурасы алқасының кеңейтілген отырысы өтті.
Алқаның жұмысына полицияның, қылмыстық-атқару жүйесінің, әділет және облыстық мемлекеттік кірістер департаменттерінің, сондай-ақ аумақтық прокуратура органдарының, полиция және пробация қызметтерінің басшылары қатысты.
Облыс прокуроры отырысты аша отырып, мемлекеттің экономикалық мүдделерін қорғау, оның ішінде залалды өтеу арқылы қорғау прокуратура органдары мен уәкілетті органдардың басым міндеттеріне жататынын атап өтті.
Алқа отырысында мемлекет кірісіне өткен жылы 273 млн. теңге және ағымдағы жылдың 1-тоқсанында 206 млн. теңге нақты өндіріп алған прокурорлар мен сот орындаушыларының белсенді жұмысы аталып өтілді.
Салықтық берешекті төмендету мақсатында мемлекеттік кіріс органдарының қызметкерлері мен сот орындаушылары жыл басынан бері 37 рейдтік іс-шара өткізіп, жалпы сомасы 17,4 млн. теңге қарызды өндіріп алды, 2 борышкер 1 тәуліктен 4 тәулікке дейін әкімшілік қамауға алынды.
Облыс прокуроры мемлекет мүдделерін нақты қалпына келтіру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстың маңыздылығын және борышкерлерге қатысты ден қою шараларын қолданудағы принциптілікті атап өтті.
Отырыс нәтижелері бойынша әкімшілік айыппұлдарды, салықтық төлемдерді және сотталғандарды жұмысқа орналастыруды қоса атқару өндірістері бойынша берешек қалдығын төмендету жөнінде қосымша шаралар әзірленді. Нақты шаралар мен мерзімі анықталды.
Сондай-ақ отырыста қылмыстық істер бойынша полиция органдарында алынған заттай дәлелдемелер мен құндылықтардың сақталуы мәселелері бойынша прокурорлық тексеру нәтижелері тыңдалды.
Жекелеген блокпен облыс орталығының айып тұрағында орналастырылған мүліктің сақталуы жөніндегі мәселелерді талқылады.
Мәселен полиция айып тұрағында орналасқан көлік құралдары мен автокөліктерден мүлікті ұрлау фактісі бойынша 24 қылмыстық істі тіркеді.
Сөз соңында Берік Абилов полиция басшылығын заттай дәлелдемелерді дұрыс және заңды рәсімдеуді қамтамасыз етуде ішкі бақылауды күшейтуге әрі ұйымдастырушы шараларын қабылдауға шақырды.
Қостанай облысының прокуратурасы