Облыстың Үйлестіру кеңесі туралы

Облыстың Үйлестіру кеңесі туралы

2021 жылғы 28 қазанда облыс прокуратурасында 2021 жылдың                      9 айында пробация және облыстың жергілікті полиция қызметінде есепте тұрған сотталған адамдардың құқық бұзушылықтардың алдын алу саласындағы уәкілетті органдардың өзара іс-қимыл мәселелері бойынша заңдылықты, құқықтық тәртіпті және қылмысқа қарсы күресті қамтамасыз ету жөніндегі Үйлестіру кеңесінің кеңейтілген отырысы өтті.

Отырыс жұмысына облыстың Үйлестіру кеңесінің мүшелері, облыс әкімінің бірінші орынбасары Ғ.Т. Нұрмұхамбетов, облыс әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар және денсаулық сақтау басқармаларының басшылары, қалалар мен аудандар прокуратураларының, полицияның, пробация қызметтерінің және әкімдіктердің басшылары қатысты.

Пробация туралы заңнаманы қолдану саласындағы прокурорлық тексеру нәтижелері, сотталғандарды қайта әлеуметтендіру саласындағы анықталған кемшіліктер мен олқылықтар және оларды шешу жолдары талқыланды.

Отырыс барысында облыс әкімдігі мен ҚАЖД өкілдері ағымдағы жылдың қазан айынан бастап Қостанай ауданында прокуратураның бастамасымен іске асырылып жатқан «Пробация үйі» пилоттық жобасының нәтижелері туралы жағымды пікір білдіріп, жобаны облыстың басқа қалалары мен аудандарында тарату туралы ұсынысты қолдады.   Сотталғандарды қайта әлеуметтендіру, әлеуметтік бейімдеу және оңалту мәселелерін шешу үшін мемлекеттік органдардың «бір терезе» қағидаты бойынша бірлескен жұмысы «Пробация үйінің» негізгі мақсаты болып табылады.

Прокуратураның бастамашылығы бойынша облыстың 10 өңірінде пробация объектілерін бақылау, оларды дұрыс есепке алу және жүргізілетін профилактикалық әңгімелесу барысында мерзімді тіркеу үшін пробация қызметтерінде биометриялық терминалдар орнатылды.

Облыс прокуроры Берик Абилов «Жеке тұлғаны электронды форматта сәйкестендіру сотталғандар арасындағы тәртіпті айтарлықтай арттырады, сондай-ақ пробация қызметі тарапынан жүргізіліп жатқан профилактикалық жұмысты ашық көрсетеді» деп атап өтті.

Отырыс қорытындысы бойынша қайталанған қылмыстарды есепке алуды, бақылауды, өзара іс-қимылды және уәкілетті мемлекеттік органдардың сотталғандарға атаулы әлеуметтік-құқықтық көмек көрсетуін автоматтандыруға бағытталған қосымша шаралар кешені әзірленді.

 

Қостанай облысы прокуратурасының

баспасөз қызметі