Ағымдағы жылдың 10 қыркүйегінде облыс прокурорының төрағалығымен Заңдылықты, құқықтық тәртіпті және қылмысқа қарсы күресті қамтамасыз ету жөніндегі Қостанай облысы үйлестіру кеңесінің кезектен тыс кеңейтілген отырысы өтті, онда алаяқтық пен қаржы пирамидаларына қарсы іс-қимыл мәселелері қаралды.
Отырыс жұмысына облыстың құқық қорғау, арнайы және мемлекеттік органдарының басшылары, қалалар мен аудандардың прокуратуралары, Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің өңірлік өкілі қатысты.
Мемлекет басшысы ағымдағы жылдың 1 қыркүйегіндегі Қазақстан халқына жыл сайынғы Жолдауында азаматтардың құқықтарын алаяқтықтан қорғауға назар аударып, қадағалау органына алаяқтық пен қаржы пирамидаларына қарсы іс-қимыл бойынша кешенді шаралар қабылдауды тапсырды.
Облыс прокуроры Берик Абилов кеңес отырысын ашып, өңірде алаяқтық негізінен интернетті (70%), төлем карталарын (8,3%) пайдалана отырып жасалатынын, облыс тұрғындарының қаржы пирамидаларына ақша қаражатын салу фактілері және күшіне енген сот үкімі тіркелгенін атап өтті. Осыған байланысты ол уәкілетті органдарға түсіндіру-алдын алу жұмыстарына, оның ішінде халықтың қаржылық сауаттылығын арттыруға көп көңіл бөлуді, азаматтардың өтініштерін сапалы қарауды және мониторинг ұйымдастыруды ұсынды.
Отырыстың қорытындысы бойынша Кеңес осы бағыттағы бірлескен іс-шаралар жоспарын бекітті.
Қостанай облысы прокуратурасының
баспасөз қызметі