Қазақстан Республикасының Президенті 2020 жылғы 29 маусымда Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексіне (бұдан әрі - ӘРПК) және ҚР әртүрлі заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы ілеспе заңға қол қойды.
ӘРПК 2021 жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізіледі, осы күннен бастап қазір қолданыстағы «Әкімшілік рәсімдер туралы» және «Жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау тәртібі туралы» ҚР Заңдары күшін жояды, 27-29-тарауларын қоса алғанда ҚР Азаматтық процестік кодексінің бірқатар нормалары, басқа да кодекстер мен заңдардың нормалары қолданыстан шығады.
Жаңа кодекс әкімшілік рәсімдерді, мемлекеттік органдардың ішкі әкімшілік рәсімдерін жүзеге асыру тәртібін, сондай-ақ жария құқықтық қатынастар саласындағы дауларды шешу тәртібін реттейтін айтарлықтай бірегей заңнамалық акті болып табылады. Қазақстанда мұндай кодекс бұрын болған емес.
ӘРПК-ні қабылдаудың негізгі мақсаты бұл - мемлекеттік билік органдары жоғары тұрған органда немесе сотта дауларды қарау кезінде азаматтардың құқықтарын қорғау.
Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің басты қағидаты бұл құқықтардың басым болуы, оған сәйкес заңнаманың барлық күмәндері, қайшылықтары мен түсініксіздігі әкімшілік рәсімге қатысушының пайдасына түсіндірілетін болады.
ӘРПК-де азаматтар мен заңды тұлғалардың өтініштерін қарау тәртібі, сондай-ақ шешімдермен келіспеген жағдайда оларды шағымдану тәртібі қамтылған.
Қылмыстық іс жүргізу, азаматтық іс жүргізу заңнамасымен және Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңнамасымен реттелетін шағымдар мен арыздар оған жатпайды.
Өтінішті қарау қорытындысы бойынша мемлекеттік орган қорытынды шешім болып табылатын әкімшілік актіні қабылдайды.
Сот азаматтарға талап арыздарды жазуда, құжаттарды дайындауда, қосымша дәлелдемелерді жинауда, қателерді жоюда және т.б. жәрдем көрсететін болады.
ӘРПК-ні қабылдау мемлекеттік органдар қызметінің ашықтығы мен тиімділігін арттырады, мемлекеттік органдардың шешімдер қабылдау процесінде және жоғары тұрған органда және сотта мемлекеттік органдармен бірге дауларды қарау кезінде азаматтардың және бизнестің құқықтарын қорғау кепілдіктерін бекітеді, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерді және сот жүйесіне жүктемені азайтады деп күтілуде.
Қостанай облысының
прокуратурасы