Қостанай облысының прокуратурасы Мемлекеттік радиожиілік қызметімен, Қылмыстық-атқару жүйесі департаментімен және байланыс операторларының өкілдерімен бірлесіп, жазасын өтеу мекемелерінің аумағында ұялы байланыс сигналының деңгейіне өлшеу жүргізді.
Жүргізілген өлшеу нәтижелері бойынша жазасын өтеу мекемелерінің үш мекемесінің аумағында «Кар-Тел» ЖШС («Beeline»), «Kcell» АҚ және «Мобайл Телеком-Сервис» ЖШС («ALTEL, Tele2») операторларының ұялы байланыс сигналының жол берілетін деңгейден асып кетуі анықталды.
Облыс прокуратурасы енгізген ден қою актісі бойынша уәкілетті орган ұялы байланыс операторларының үшеуін де Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 637-бабы 1-бөлігінің 16) тармағы бойынша әкімшілік жауаптылыққа тартып, айыппұл салды.
Қылмыстық-атқару кодексінің 97-бабына сәйкес ұялы байланыс операторлары өздерінің байланыс желілерін оңтайландыруды, оның ішінде жазасын өтеу мекемелерінің аумағында радиосигналдың таралу деңгейін төмендету бойынша уақтылы ден қоюды және шаралар қабылдауды қамтамасыз етуге міндетті.
Алайда, бұл талаптар сақталмаған.
Бұған дейін мекемелерде прокурорлар ұялы телефондарды пайдалануға байланысты қылмыстар жасау фактілерін анықтаған.
Мысалы, мекемеде жазасын өтеп жатқан сотталған адамның ұялы телефонды пайдалана отырып, 4 млн теңгеден астам сомаға алаяқтық әрекеттер жасағаны анықталды.
Тергеу барысында одан ұялы телефондар тәркіленді. Кінәлі адам қылмыстық жауаптылыққа тартылды.
Қабылданып жатқан шаралардың негізгі мақсаты – байланыс операторларының заңнама талаптарын сақтауын қамтамасыз ету және жазасын өтеу мекемелерінің аумағында ұялы байланыс қызметтерін заңсыз пайдалану мүмкіндігін болдырмау.
Қостанай облысының прокуратурасы