Қостанай облысының прокуратурасында қылмыстылық ахуалы және азаматтардың өтініштерін қарау сапасы талқыланды

Қостанай облысының прокуратурасында қылмыстылық ахуалы және азаматтардың өтініштерін қарау сапасы талқыланды

Қостанай облысының прокуратурасында облыс прокуроры Марат Сексембаевтың төрағалығымен жедел кеңес өтіп, онда ағымдағы жылдың 8 айындағы қылмыстылық ахуалы және азаматтардың өтініштерін қарау сапасы талқыланды.

Есепті кезеңнің қорытындысы бойынша облыстағы қылмыстылық деңгейі 13,6%-ға төмендеген.

Сонымен қатар облыс прокуроры ерекше назар аударуды талап ететін бірқатар бағыттарды атап өтті.

Алкоголь өнімдерін өткізу кезінде белгіленген шектеулердің сақталуына ерекше назар аударылды. Заңсыз алкоголь саудасының түнгі уақытта жүзеге асырылуы құқық бұзушылықтардың жасалуына ықпал етіп, криминогендік ахуалға кері әсер ететіні атап өтілді.

Осы бағытта аумақтық прокурорларға қадағалауды күшейту, заңсыз сауда фактілерінің жолын кесу және құқық бұзушыларға қатысты принципті шаралар қабылдау тапсырылды.

Кеңестің елеулі бөлігі азаматтардың өтініштерімен жұмыс жүргізуге арналды.

Марат Сексембаев әрбір өтініштің артында нақты адамның мәселесі тұрғанын атап өтіп, сондықтан оларды қарауға формалды түрде қарауға жол берілмейтінін айтты.

Бұл жұмыста «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидатын дәйекті түрде іске асыру қажет. Яғни, азаматтардың өтініштеріне мұқият қарау, онда келтірілген уәждерге объективті баға беру және көтерілген мәселелердің мәні бойынша нақты шаралар қабылдау қажет.

Қайталама, әлеуметтік жанжал сипатындағы және жаппай өтініштерге, сондай-ақ жекелеген қылмыстық істер бойынша тергеу мерзімдерінің ұзақтығына байланысты қылмыстық процеске қатысушылардың шағымдарына ерекше бақылау орнату тапсырылды.

Кеңес қорытындысы бойынша құрылымдық бөлімшелердің басшылары мен аумақтық прокурорларға қойылған міндеттердің орындалуын қамтамасыз ету және олардың орындалуына жеке бақылауды күшейту тапсырылды.

Қойылған міндеттер заңдылықты нығайтуға, азаматтардың құқықтарын қамтамасыз етуге және өңірдегі құқықтық тәртіптің тиісті деңгейін сақтауға бағытталған.

 

Қостанай облысының прокуратурасы