25 жылдық тоқыраудан кейін: қайтарылған активтер есебінен Жітіқарада аудандық емхана қайта жаңғыртылды

25 жылдық тоқыраудан кейін: қайтарылған активтер есебінен Жітіқарада аудандық емхана қайта жаңғыртылды

Жітіқарада 1999 жылдан бері іс жүзінде мақсатты пайдаланылмаған аудандық емхананы қайта жаңғырту жұмыстары аяқталды.

Нысанды Қостанай облысының прокуроры Марат Сексембаевтың жұмыс сапары барысында аралап көрді.

Қайта жаңғырту аясында құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізіліп, ішкі бөлмелер, инженерлік коммуникациялар мен инфрақұрылым жаңартылды. Құрылыс-монтаж жұмыстары толық көлемде орындалды.

Жоба мемлекетке қайтарылған активтер есебінен іске асырылды. Қайта жаңғырту жұмыстарының құны 941,9 млн теңгені құрады.

Жұмыстар аяқталғаннан кейін емхана Жітіқара ауданының тұрғындарына медициналық көмек көрсету үшін қайтадан өзінің тікелей мақсаты бойынша пайдалануға мүмкіндік алды.

Емханада медициналық бөлімшелердің жұмыс істеуі, пациенттерді қабылдау және медициналық қызметтер көрсету үшін қажетті жағдайлар жасалды. Жаңартылған инфрақұрылым пациенттер мен медицина қызметкерлері үшін тиісті жағдайды қамтамасыз етеді.

Жобаның маңыздылығы нысанның ұзақ уақыт бойы – шамамен 25 жыл пайдаланылмағандығымен арта түседі. Іс жүзінде пайдаланылмаған нысанды одан әрі күтіп ұстаудың орнына, аудан тұрғындарына қажетті әлеуметтік инфрақұрылым қалпына келтірілді.

«Мемлекетке қайтарылған активтер бюджет есептеріндегі жай ғана цифр болып қалмауы маңызды. Халық нақты нәтижені – қалпына келтірілген ғимараттарды, жұмыс істеп тұрған нысандарды, жақсарған жағдайларды және ел игілігіне тиген нақты пайданы көруі тиіс. Әрбір жобаның іске асырылуы осындай нәтижемен аяқталуы керек», – деп атап өтті облыс прокуроры.

Мемлекетке қайтарылған активтер есебінен жобаларды іске асыру жұмыстары жалғасуда.

Бұл саладағы прокурорлық қадағалау қаражатты пайдаланудың заңдылығын қамтамасыз етумен ғана шектелмейді. Негізгі назар түпкілікті нәтижеге – жобалардың уақтылы аяқталуына және олардың халық үшін нақты пайда әкелуіне бағытталған.

Қостанай облысының прокуроры