Қайтарылған активтер – тұрғындар игілігіне: облыс прокуроры Денисов ауданындағы әлеуметтік нысанды тексерді

Қайтарылған активтер – тұрғындар игілігіне: облыс прокуроры Денисов ауданындағы әлеуметтік нысанды тексерді

Қостанай облысында мемлекетке қайтарылған активтер қаражаты есебінен әлеуметтік жобаларды іске асыру жұмыстары жалғасуда.

Денисов ауданына жұмыс сапары барысында Қостанай облысының прокуроры Марат Сексембаев Перелески ауылындағы дәрігерлік амбулаторияға барды. Аталған нысанның құрылысы Арнаулы мемлекеттік қордың қаражаты есебінен аяқталған.

Сапар барысында облыс прокуроры медициналық объектінің жұмыс жағдайымен, оның жабдықталуымен және ауыл тұрғындарына медициналық көмек көрсету мүмкіндіктерімен танысты. Халық үшін медициналық қызметтердің қолжетімділігі мен сапасын қамтамасыз етуге ерекше назар аударылды.

«Мемлекетке қайтарылған активтер адамдардың игілігі үшін жұмыс істеуі керек. Қаражаттың азаматтардың өмір сүру сапасына тікелей әсер ететін объектілерге бағытталуы маңызды», - деп атап өтті Марат Сексембаев.

Жалпы, Қостанай облысында Арнайы мемлекеттік қордың қаражаты есебінен 26 әлеуметтік нысанды салуға қаржы бөлінді.

Жобалардың жалпы құны 48,8 млрд теңгені құрайды. Оның ішінде жобаларды қаржыландыруға жоғарыда аталған Қордан 26 млрд теңге бөлінген.

Аяқталған нысандардың қатарында сумен жабдықтау, денсаулық сақтау және инфрақұрылым салаларындағы жобалар бар.

Атап айтқанда, 23 нысанның құрылысы аяқталды: Арқалық қаласында – 4, Әулиекөл ауданында – 4, Денисов және Қостанай аудандарында – 3-тен, Қарабалық және Қарасу аудандарында – 2-ден, Меңдіқара, Жангелдин, Жітіқара, Бейімбет Майлин және Федоров аудандарында – 1 нысаннан.

Жобалардың басым бөлігі халықты сапалы ауызсумен қамтамасыз етуге бағытталған.

Әлеуметтік нысандарды іске асыру жұмыстары жалғасуда. 2026 жылдың соңына дейін Арқалық қаласында тағы 3 ірі жобаны аяқтау жоспарлануда: әуежай терминалының екінші кезегін салу, облыстық аурухана ғимараттарын көпбейінді орталық аудандық ауруханаға қайта бейіндеу мақсатында реконструкциялау, сондай-ақ перзентхана ғимаратына күрделі жөндеу жүргізу.

Осылайша, қайтарылған активтердің қаражаты әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға және Қостанай облысы тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыруға қолайлы жағдай жасауға бағытталуда.

Қостанай облысының прокуратурасы