Полиция қызметкеріне күш қолданған үш тұлға сот алдында жауап береді

Полиция қызметкеріне күш қолданған үш тұлға сот алдында жауап береді

Қостанай қаласының прокуратурасы полиция қызметкеріне күш қолданған үш тұлғаға қатысты қылмыстық істі сотқа жолдады.

Сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында анықталғандай, айыпталушылар тұрғын үй ауласында мас күйінде болып, қоғамдық тәртіп пен жалпыға ортақ адамгершілік нормаларын өрескел бұзған.

Полиция қызметкерінің олардың құқыққа қайшы әрекеттеріне байланысты жасаған ескертуіне олар агрессивті түрде жауап беріп, күш қолданып, дене жарақаттарын келтірген.

Айыпталушылардың әрекеттері Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 380-бабы 6-бөлігінің 4-тармағымен – билік өкіліне оның қызметтік міндеттерін атқаруына байланысты өмірге немесе денсаулыққа қауіпті күш қолдану ретінде сараланған.

Айып тағылып отырған баптың санкциясы 10 жылдан 15 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын көздейді.

Сот процесі ашық форматта өтеді. Аталған істі қарау билік өкілдері өздерінің қызметтік міндеттерін атқару кезінде оларға күш қолдануға жол берілмейтіндігіне және мұндай әрекеттер үшін қылмыстық жауаптылық көзделгеніне назар аударуға бағытталған.

Қостанай облысының прокуратурасы