Перелескі ауылында қайтарылған активтер есебінен заманауи дәрігерлік амбулаторияның құрылысы аяқталды

Перелескі ауылында қайтарылған активтер есебінен заманауи дәрігерлік амбулаторияның құрылысы аяқталды

Перелескі ауылында құны 455 млн теңге болатын дәрігерлік амбулаторияның құрылысы бойынша әлеуметтік жоба сәтті аяқталды. Жоба Денисов ауданы аумағында қайтарылған активтер есебінен жүзеге асырылды.

Жоба прокуратура органдарының заңсыз шығарылған активтерді мемлекетке қайтару жөніндегі жұмысы аясында мемлекетке қайтарылған активтерден қалыптастырылған Арнаулы мемлекеттік қордың қаражаты есебінен жүзеге асырылды.

Жобаның іске асырылуы нәтижесінде Перелескі ауылының 1,5 мың тұрғынына және Қырым ауылының 650-ден астам тұрғынына сапалы медициналық көмек көрсетуге қолайлы жағдай жасалды. Бұл профилактикалық тексерулерді, скринингтік зерттеулерді жүргізуге және ауруларды ерте кезеңде анықтауға мүмкіндік береді.

Амбулаторияда гинеколог кабинеті, ем-шара кабинеті, егу кабинеті, патронаж кабинеті, фельдшер кабинеті, сондай-ақ дәріхана пункті жабдықталған.

Медициналық мекеме заманауи әрі қажетті медициналық жабдықтармен толық қамтамасыз етілген.

Биыл Қостанай облысында мемлекетке қайтарылған активтерден қалыптастырылған Арнаулы мемлекеттік қордың қаражаты есебінен барлығы 6 әлеуметтік нысанның құрылысы мен реконструкциясы жоспарланған.

Олардың қатарында Арқалық қаласындағы әуежай, аурухана, перзентхана және жатақхана, сондай-ақ Жітіқара қаласындағы емхана бар.

Қайтарылған активтер есебінен қаржыландырылатын әлеуметтік жобалардың іске асырылу барысы Қостанай облысы прокуратурасының бақылауында.

Қостанай облысының прокуратурасы