Облыс прокуроры Марат Сексембаевтың төрағалығымен Қостанай облысы прокуратурасының кеңейтілген алқа мәжілісі өтті.
Алқа отырысында прокуратура органдарының 2026 жылдың бірінші жартыжылдығындағы қызметінің қорытындылары шығарылып, атқарылған жұмыстардың нәтижелері талқыланды.
Мәжілісті ашқан облыс прокуроры прокуратура органдары қызметінің басты бағыты Мемлекет басшысы мен Бас Прокурор айқындаған, Әділетті Қазақстанды құруға бағытталған міндеттерді іске асыру болып қала беретінін атап өтті.
«1 шілдеден бастап азаматтардың құқықтарының кепілдіктерін күшейтіп, оларды қорғау тетіктерін кеңейтетін жаңа Конституция заңды күшіне енеді. Біздің міндетіміз – қоғамдық қауіпсіздіктің қол жеткізілген деңгейін сақтап қана қоймай, азаматтардың, кәсіпкерлер мен инвесторлардың құқықтарын қорғау жөніндегі тиімді жұмысты жалғастыру, сондай-ақ пәрменді шаралар қабылдау арқылы заң үстемдігі мен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету», – деді облыс прокуроры.
Есепті кезеңде өңірдегі қылмыс деңгейі 13%-ға төмендеді. Оның ішінде қоғамдық орындарда жасалған қылмыстар 11%-ға, алкогольдік масаң күйде жасалған қылмыстар 16%-ға, отбасылық-тұрмыстық саладағы құқық бұзушылықтар 46%-ға, жазасын өтеп шыққан адамдар арасында жасалған қылмыстар 18%-ға, ал пробация қызметінің есебінде тұрған тұлғалар арасында 32%-ға азайды.
Прокуратураның үйлестіруімен 2 есірткі жеткізу арнасының қызметі тоқтатылды. Заңсыз айналымнан 230 кг есірткі құралдары тәркіленді. 17 мыңнан астам банк шоты бұғатталып, 194 млн теңге көлеміндегі ақшалай қаражатқа тыйым салынды. Қылмыстық жауаптылыққа 33 адам тартылды, оның ішінде 13 адам – есірткі құралдарын өткізгені үшін, 2 адам – есірткіні жарнамалағаны үшін жауапқа тартылды.
Құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында «Алаяқтардан қорғану», «Пробация үйі», «Жаңа өмірге жол», «Тәлімгер», «Ғалихан Ержанов атындағы Болашақ прокурорлар клубы» жобалары жүзеге асырылуда.
Интернет-алаяқтыққа қарсы іс-қимыл шеңберінде 7 антифрод Call-орталығы құрылып, онда күн сайын алаяқтардың 100-ден астам қоңырауы өңделеді.
2025 жылдың соңынан бері 30 мыңнан астам алаяқтық қоңырау бұғатталып, жолы кесілді.
Прокуратураның үйлестіруімен 427 жәбірленушінің пайдасына дропперлерден 641 млн теңге өндірілді. Екінші деңгейдегі банктерде 513 млн теңге сомасындағы кредиттер бойынша өндіріп алу шаралары тоқтатылды.
Қабылданған шаралардың нәтижесінде интернет-алаяқтық қылмыстарының саны 21%-ға төмендеді, бұл ретте 2025 жылы олардың саны 31,6%-ға артқан болатын.
Прокуратураның бастамасымен қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде жергілікті бюджет қаражаты есебінен Қостанай қаласындағы №38 мекемеде өндірістік үй-жайлар құрылуда.
Сотталғандар тігін өндірісіне арналған жабдықтарда жұмыс істеуді меңгеруде. Нәтижесінде олардың еңбекпен қамтылу деңгейі 61%-дан 73%-ға дейін өсті. Жыл соңына дейін сотталғандардың 93%-ға жуығын жұмыспен қамту жоспарланып отыр.
Прокуратураның қадағалау шараларының нәтижесінде 18 азаматтың қылмыстық процеске заңсыз тартылуына жол берілмеді.
Сонымен қатар, сот актілеріне өзгерістер енгізу арқылы бес сотталған адамның құқықтық жағдайы жақсартылды.
Әлеуметтік-экономикалық салада 313 мың азаматтың және 7 мың кәсіпкердің құқықтары қорғалды.
Мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын қорғау бағытында әкімдікпен бірлесіп «Мүмкіндік» жобасы іске асырылуда.
Прокуратураның сүйемелдеуінде жалпы құны 7,2 трлн теңгені құрайтын, 24 мың жаңа жұмыс орнын ашуды көздейтін 184 инвестициялық жоба бар. 5 инвестордың мәселелерін шешуге жәрдем көрсетілді. Кәсіпкерлердің құқықтарын бұзуға байланысты 8 заңсыз тексерудің күші жойылды, ал құқық бұзушылықтарға жол берген 31 лауазымды тұлға түрлі жауаптылық түрлеріне тартылды.
Мемлекет кірісіне 6,5 млрд теңге өндіріліп, 9 млрд теңге көлеміндегі бюджет қаражатының негізсіз жұмсалуына жол берілмеді.
Қайтарылған активтер есебінен қалыптастырылған Арнаулы мемлекеттік қордың қаражаты арқылы жалпы құны 9 млрд теңгеге жуық болатын 6 әлеуметтік нысанның құрылысы мен реконструкциясы жүзеге асырылуда.
Олардың қатарында Арқалық қаласындағы әуежай, аурухана, перзентхана және жатақхана, Жітіқара қаласындағы емхана, сондай-ақ Денисов ауданындағы Перелески ауылындағы дәрігерлік амбулатория бар.
Алқа мәжілісінің қорытындысы бойынша облыс прокуроры алдағы кезеңге арналған басым міндеттерді айқындап, нақты тапсырмалар берді.
Прокуратура органдарының негізгі назары елдің Негізгі Заңының қағидаларын іске асыруға, «Заң мен тәртіп» қағидатын ілгерілетуге, жазаның бұлтартпастығын қамтамасыз етуге, сондай-ақ өңірде құқық бұзушылықтардың алдын алу жұмысының тиімділігін одан әрі арттыруға бағытталатын болады.
Қостанай облысының прокуратурасы